Қызылорда облысындағы күріштік алқаптарда егін жинау науқаны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысындағы күріштік алқаптарда егін жинау науқаны басталды

14.09.2023

Қызылорда облысында күріштік алқаптарға жаппай орақ түсті. Биыл өңірде 89 мың гектар жерге аймақтың басты дақылы егілген. Сыр өңіріне барған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров күзгі науқандағы қызу жұмысты көріп, диқандар қауымымен жүздесті.

Дала төсінде қауырт тірлік басталды. Биыл аймақта судан тапшылық болғанымен шаруалар аз судың өзін егінге жеткізіп, күріштің шығымы жаман емес. Сырбойылық диқандар әр гектарынан орташа есеппен 50-55 центнерден өнім алуды межелеп отыр.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Өткен жылы 3,6 млрд теңге қаралып, 21 канал тазаланып, 52 ұңғыма қалпына келтірілді. Облыста суды тиімді пайдалану мақсатында егістікті кезектесіп суару мен қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалануды жолға қойды.
Ауыл шаруашылығы министрі егіс алқабында аймақ шаруаларымен кездесті. Биыл еліміздегі шаруашылықтарға 171 миллиард теңге субсидия қаралған. Соның ішінде 14 миллиард теңгесі Сыр өңіріне бөлінген. Күзгі науқанда да диқандар қауымына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілмек.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Еңбектеріңіз жанып, шашпай-төкпей аман-есен жинап алыңыздар. Әр шаруашылыққа көмектесеміз. Субсидия ала алмаған субсидия қарыздарын жылдың аяғына дейін барлығын төлеп беруге Премьер-министр кеше ғана айтып өтті.
Бүгінде облыста егілген күріштік алқаптарға түгелдей су беру тоқтады. Ал оңтүстік өлкелерде егістіктің басым бөлігіне орақ түсіп үлгерді. Сала мамандарының болжамы бойынша биыл 490 мың тоннаға жуық күріш дақылы қамбаға құйылмақ.

Талғат Дүйсебаев, облыстық Ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

Жалпы облыста өндірілетін күріш Қазақстанның ішкі нарығын 100 пайыз қамтамасыз етуге толық жетеді. Сонымен қатар біз жыл сайын 60-70 мың тоннадай шетелдерге экспортаймыз.
Сонда-ақ, Айдарбек Сапаров Жалағаш ауданы, Таң ауылындағы ет өңдеу цехы мен күріш ақтау зауытының жұмысымен танысып, агро саладағы жобалардың әлеуетін көрді.



Хабарламаларға жазылу