Елімізде алғаш рет аудан және облыстағы қала әкімдерін халық өзі сайлайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде алғаш рет аудан және облыстағы қала әкімдерін халық өзі сайлайды

14.09.2023

Елімізде алғаш рет аудан әкімдері мен облыстағы маңызы бар қала әкімдерін сайлау 5 қарашада өтетін болды. Бірақ бұл пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда. Яғни, барлық облыстың қала, аудандарында сайлау болмайды. Мәслихат бекітіп берген жерлерде ғана өтеді. 

Бірінші талап – кандидаттың міндетті түрде жасы 25 жастан жоғары болуы тиіс. Екінші – оның мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі міндетті емес. Яғни, кез-келген салада жұмыс істеген азамат өзінің кандидатурасын ұсына алады. Кемінде 50 адамы бар ұжымды 2 жыл басқарған болуы тиіс.

Азамат Жолманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

9-тармақша бойынша кемінде үш жыл жұмыс өтілі, оның ішінде ең жоғары жетістігі болған жағдайда, басшы лауазымдарында кемінде бір жыл еңбек өтілі болуы тиіс.

5 қарашада сайлау елдімекендерде өтеді. Оның ішінде 42 аудан мен 3 қала бар. Ал науқан Ақмола және Қостанай облыстарында қызатын сынды. Себебі, бұл елдімекендердің бірден бес ауданында сайлау өтеді. Ал кандидаттар өз тізімдерін сайлау басталғанға 30 күн қалғанға дейін ұсынып үлгерулері тиіс.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Аумақтық сайлау комиссиялары өз шешімдерін қабылдау керек. Сол ертең қабылдаса, арғы күні комиссиялар құжаттарды қабылдай бастайды. 30 күн қалғанда аяқтайды.

Брифинг барысында мәлім болғандай, сайлауды өткізу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейді. Қаржы тек жергілікті бюджеттен бөлінуі тиіс. Ал 5 қарашада өтетін сайлауға жергілікті бюджет есебінен 2,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржы әлі де өсуі мүмкін дейді, мамандар.


Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу