Мемлекеттік бағдарламаға қатысып, бар болғаны 800 мың теңгеге кәсіп ашқан. Түркістан облысы, Келес ауданында тандыр жасап, кәсібін дөңгелетіп отырған отбасы тұрады. Хашимовтар жанұясы 6 жылдан бері тандыр пештен табыс тауып, тіпті кәсібін кеңейтіп жатыр.
Хашимовтар отбасында тандыр жасау ата кәсіп саналады. Ерлі-зайыпты Тимур Хашимов пен Бибігүл Абдуллаева бұл істі Өзбекстаннан үйреніп келген. Осында оннан аса адам жұмыспен қатылған.
Бұл істің қыр-сыры көп. Мысалға, тандыр топырақ талғайды. Сондықтан сары, қызыл топырақты Қазығұрт ауданынан алдырады. Әбден иуі қанған лайдың толық кебуін күту керек.
Мұрат Хашимов, Абай ауылының тұрғыны:
Бір тандырға екі күн уақыт кетеді. Күн салқын болса 3, 4 күнде дайын болады. Негізі осындай күн ыстықта көптеу істеп қоямыз. Соны кейін қыста да сатамыз. Топырақтың құрамына ешкі мен қойдың жүнін, жылқының қылын пайдаланамыз.
Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:
Мұндағы тандырлардың биіктігі мен көлемі әртүрлі болып келеді. Мәселен, мына тандырдың биіктігі 1 метр 70 см. Мұны наубайханалар тапсырыспен жасатады. Себебі мұнда бір мезетте 80 нанға дейін пісіруге болады. Ал мынау жекелеген үйлерге арналған. Олардың биіктігі 70 см-ден 90 см-ге дейін болады. Мұнда бір мезетте 15 наннан 25 нанға дейін сыяды.
Тандырға сұраныс артқан. Ауыл, аудан мен қала, тіпті, алыс-жақын шетелге тапсырыс түседі. Сапа жоғары, баға қолжетімді.
Бибігүл Абдуллаева, кәсіпкер:
Самса, науайы тандырлар еңбегіне жараса қымбаттау. Ал жаңағы ауылда үйге қолданатын тандырларымызды 6 мың, 7 мың теңгеден сатамыз. Көп адам үйге келеді, үйіне де жеткізіп береміз. Одан қалса үйімізде жиналып қалса, барып сатуға әрекет істейміз.
Кәсіп ашуға атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасы сеп болған. Берілген 800 мың теңге қажетті құралдар түгенделген. Кәсіп кеңейіп келеді. Бұл отбасы тандырдан бөлек, наубайхана ашып, күніне 200-ден аса нан пісіріп сатуда.
Жалпы Келес ауданында мемлекеттік қолдаудың арқасында биыл жүзге жуық тұрғын бизнес бастаған.
Нұрипа Темірбаева, Келес аудандық «Мансап» орталығының басшысы:
Оның ішінде мал шаруашылығы, жылқы шаруашылығы, ешкі шаруашылығына басымдық беріп отырмыз. Сосын жылыжай нан өнімдері, тігін цехымен айналысып отырмыз. Қазіргі таңда кәсібін ашып, біздегі атаулы әлеуметтік көмектен бас тартып отырған азаматтар көп.
Өңірде кәсіпкерлікті қаржыландыру бойынша 538 жоба сүйемелденіп, 4 млрд 70 млн теңге бөлінді. Оның 265 жобасы мал шаруашылығы болса, 146 жоба егін шаруашылығына қатысты. Қалған қаражаттар өндіріс саласы мен қызмет көрсетуге жобаларына берілген.
Айнұр Әбілқасымқызы
