Қазақстан жастар құрамасы Бельгияға есе жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан жастар құрамасы Бельгияға есе жіберді

12.09.2023

Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында Қазақстанның жастар құрамасы Бельгия құрамасымен ойнады. Жерлестерімізге еліміздің Бельгиядағы елшілігі, қазақ диаспорасының өкілдері мен студенттер қолдау көрсетті. Өкінішке қарай ойын сәтсіз аяқталды. Бельгиялық футболшылар 77-ші минутта Қазақстан құрамасының қақпасына гол соқты. Осылайша, Қазақстан жастары қарсыласынан 0:1 есебімен ұтылды. Әзірге олар өз тобында ұпай жинай алған жоқ. 17-қазанда отандастарымыз өз алаңында Испания құрамасымен ойнайды. Ал 16-қарашада Мальта футболшыларымен кездеседі.  

Қайрат Нұрдәулетов, Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы:

Біздің алға қойған талабымызды жігіттер 100 пайыз істеді деймін. Бірақ, енді жігіттер кішкене бір қателіктен гол салып алды өзіміздің қақпамызға. Жігіттер осылай ойнайтын болса, ендігі ойындарда жақсы бір нәтижеге қол жеткізеді деген сенімдеміз. 

Әділбек Жұмаханов, Қазақстан жастар құрамасының капитаны:

Бұл ойын менің ойымша тең ойын болды деп ойлаймын. Өзіміздің қателіктермен жұмыс істеп, алдағы ойындарда осындай қателіктерді жібермей, жақсы ойын көрсетеміз деген ниеттеміз.  


Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу