Ақмола облысында 15 адам сібір жарасын жұқтырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 15 адам сібір жарасын жұқтырды

04.09.2023

Ақмола облысында сібір жарасын жұқтырғандар саны 15 адамға жетті. Мамандардың айтуынша, қауіпті індет ауру малдан тараған. Қазір карантинге жабылған Үшқарасу ауылына төрт түлікті кіргізіп, шығаруға тыйым салынды. Сондай-ақ, мектеп оқушыларына уақытша сиыр етінен істелген ыстық тамақ беріліп жатқан жоқ. Тікелей байланысқа әріптесім Ұмсындық Наурызбаева шықты. Ұмсындық, қазір науқастардың жағдайы қалай? Басқа да тұрғындарға қауіп бар ма?

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың жағдайы әзірге орташа. Денедегі жара әлі кете қоймаған. Басқа тұрғындардың денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Себебі, бұл індет адамнан адамға жұқпайды. Тек ауырған малдан немесе оның етінен таралуы мүмкін. Емдеу орнына жеткізілген тоғыз адам Үшқарасу елдімекеніндегі мал өсіретін шаруашылықта жұмыс істеген. Жақында осы қожалықта 32 сиырдан індет анықталған көрінеді. Мамандар инфекцияның таралауын тоқтату үшін 575 келі етті толығымен жойған.

Серік Омарханов облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Қазір ауру мал өлген қожалықтың аумағы толық қоршалып, залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Ауылда республикалық эпизоотияға қарсы жасақ жұмыс істеуде. Елдімекенде карантин енгізілгендіктен кіреберістерде бекеттер орнатылды. Науқастармен байланысты болған 35 адам дәрігерлердің жіті бақылауында. Қазір олардың жағдайы бірқалыпты.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Карантинге жабылған елдімекенге 1700 доза вакцина мен 900 мың миллиграм дизенфекциялау құралы жеткізілген. Қазір ауылдағы барлық малға індетке қарсы екпе салынып жатыр. Ветеринар мамандар да вакцина алған. Бірақ ол тұрғындарға салынбайды.


Хабарламаларға жазылу