Президент: Жалпы ішкі өнім 450 миллиард долларға жетуі тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Жалпы ішкі өнім 450 миллиард долларға жетуі тиіс

01.09.2023

Еліміз экономикалық дамудың жаңа моделіне көшеді. Бүгін Әділетті Қазақстанның жаңа бағдары атты Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық реформалар жайлы айтты. Ол экономиканы әртараптандырып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Президенттің сөзінше, шикізатты шетелге сатудан гөрі, мұнай мен түрлі түсті металларды өзіміз терең өңдеп, өнім шығаруымыз керек. Әрі ауылшаруашылығы саласына тоқталып, елімізді Еуразиядағы басты аграрлық елге айналдыру қажет, деді. Десе де, салада түйткілді мәселе көп. Соның бірі-тозған техника. Сондықтан, әбден ескірген трактор, комбайндардың 8-10 пайызын жыл сайын жаңарту міндеті жүктелді. Ал отандық өндірушілерге қолдау артады. Десе де, Президент еліміздің банктері бизнесті дамытуға атсалыспайды, деді. Есесіне, несиені көп пайызбен халыққа таратуға әуес. Сондықтан, банктерде құр тұрған 2 жарым триллионға жуық қаржыны кәсіпті дамытуға бағыттау қажет. Әрі бәсекелестікті арттыру үшін еліміздің нарығына шетелдік тағы үш банк келмек. Жаңа экономикалық саясатты Үкімет бюрократияға салмай, ешкімге жалтақтамай іске асыруы керек, деді. Осы арқылы жыл сайын экономика 6-7 пайыздық өсім көрсетіп, екі есеге артпақ. Яғни жалпы ішкі өнім 450 миллиард долларға жетуі тиіс.

Досжан Маратұлы 


Хабарламаларға жазылу