Ертіс өзенінде жойылып кеткен Сібір бекіресін мамандар қайта молайтып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертіс өзенінде жойылып кеткен Сібір бекіресін мамандар қайта молайтып жатыр

31.08.2023

Ертіс өзенінде Сібір бекіресі көбейтіледі. Бұл жұмыстар Абай облысында қолға алынды. Осы өңірде бір кездері жойылып кеткен балықтың мыңдаған шабағы Семей маңында өзенге жіберілді. Мамандар енді олардың өсіп, көбеюін бақылап отырмақ.

Ертіс ежелден Сібір бекіресінің мекені болған. Кейінен мүлдем жойлып кетті. Бірақ мамандар шаруашылықтарда өсірілген шабақтарды жіберу арқылы қорды қайта қалпына келтіреміз деп отыр.

Талғат Рақымжанов, «Зайсан-Ертіс» балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы:

Ғалымдармен бұл бекіренің өсуін мемлекет тарапынан қадағалау жүргізіп отырамыз. Өзіміздің инспекторлар, ғылыми институттың мамандары арқылы бұлардың мекендеуін, өсуін миграциялық жолдарын, көктемгі қысқы біз қарап отырамыз.

Бекірені жіберу үшін Семейден 80 шақырым қашықтағы орын таңдалған. Мамандар өзеннің бұл тұсын алдын ала зерттеген. Ондағы балыққа қажет қорек қоры, қыстауына ыңғайлылығы түгелдей есепке алынған. Шабақтар 15 жылдан бері балық шаруашылығымен айналысатын серіктестіктен әкелінді.

Ерлан Сағидолдин, «Ost Fish» ЖШС Бас директоры:

Бұл Абай облысының құрылуына бір жыл болуына байланысты, біздің атымыздан сый-сияпат. Бюджеттен ешбір шығынсыз, қаржыландырусыз, тегін түрде іске асырылып жатыр.

Сібір бекіресін өзенге жіберуге облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев арнайы қатысты. Облыс басшысы өңірде балық қорын молайту мен балық шаруашылығын дамытуға үлкен мән беріліп отырғандығын айтады.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Ертіске балық жіберу жаңадан құрылған Абай облысында алғаш рет ұйымдастырып отыр. Облыстың балық шаруашылығы қорына халықаралық, республикалық маңызы бар өзен, көлдерден басқа жергілікті маңызы бар 34 су қоймасы бар. Бұл балықты өңдеу және өсіру бағытында жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Абай облысында соңғы бір жылдың ішінде балықтың бірнеше түрін өндірістік мақсатта өсіретін 4 шаруашылық ашылған.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу