Көкшетауда маусымдық инфекция жұқтырған сарбаздардың көбісінде дене қызуы түскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда маусымдық инфекция жұқтырған сарбаздардың көбісінде дене қызуы түскен

29.08.2023

Көкшетау қаласындағы сарбаздардың жаппай ауруханаға түсуіне маусымдық инфекция себеп болуы мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі айтты. Қазір осы оқиға бойынша қызметтік тергеу басталды. Дәрігерлердің мәліметінше, бір адам әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Ал қалған 47 әскеридің денсаулығына еш қауіп жоқ. Олар бірнеше күннен кейін ауруханадан шығарылады.

Қарағандылық Аян Тілеухан – жағдайы нашарлап, ауруханаға жатқызылған сарбаздардың бірі. Ол әскер қатарына бір ай бұрын ғана қосылған. Әлі бөлімше аумағынан да шығып көрмеген жас жігіт кешкі астан кейін ауырып, ауруханадан бірақ шыққан.

Аян Тілеухан, сарбаз:

Басым ауырды, денемнің қызуы көтерілді, әлсіздік болды, қалтырап-дірілдеу пайда болды. Сосын бізді санитарлық бөлімге алып келді. Енді осы жерде ем алып жатырмын.

Дене қызуының көтерілуі, бас айналу, жүрек айну, әлсіздік белгілері бар сарбаздардың алғашқы легі емдеу орнына осыдан бірнеше күн бұрын түскен. Кеше олардың саны жалпы 45-ке жетсе, бүгін түнде тағы үш адам аурухана төсегіне таңылды.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Дәл қазір мен әскери бөлімшеден жеткізілген сарбаздар ем алып жатқан жұқпалы ауруханада тұрмын. Дәрігерлердің мәліметінше, қазір көбісінің қызуы түскен. Жағдайлары бірқалыпты. Оларға жедел респираторлық вирустық инфекциясы диагнозы қойылды. Бес адамнан менингококк бактериясы табылған.

Кейбірі энтеровирус жұқтырған. Ал дәрігерлер әскерилерден ауру қоздырғыш бактериялары табылғанымен, менингит дерті тіркелген жоқ деп отыр. Сондай-ақ сарбаздардан коронавирус инфекциясы анықталмады.

Сәкен Қалымжанов, қалалық көпбейінді аурухананың директоры:

Қазір ауруханада жатқан сарбаздардың дене қызуы 37,5-38 градустан аспайды. Енді біз оларды толық бақылауда ұстаймыз. Содан кейін емдеу орнынан шығарамыз. Ал жансақтау бөлімінде жатқан сарбаз бізге өте ауыр хәлде түсті. Қалтырап, бір сәтке жүрегі де тоқтап қалды. Біз оны аман алып қалдық. Бірақ қазір оның жағдайы туралы айту ерте.

Қазір сарбаздардың көшелерді күзету кезекшілігі уақытша тоқтатылып, 55/10 әскери бөлімшесіне бірқатар шектеу енгізілген.

Рашид Әбілмәжінов, ҚР Ұлттық Ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығы медицина басқармасының бастығы:

Қазір сарбаздар түгел бөлімше болып, бір сапқа тұрмайды. Оған тыйым салынды. Сондай-ақ әскери бөлімшеде жұқпалы ауруларға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр. Яғни әскерилер жататын, жиналатын орындарды залалсыздандырып, сарбаздардың иммунитетін көтеретін дәрі-дәрмек беріліп жатыр.

Науқастармен байланыста болған 300-ге жуық адам толық тексерістен өтті. Бірақ сараптама нәтижесі әлі дайын емес. Сондықтан жұқпалы індетпен ауырғандар саны бұдан да артуы мүмкін.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу