«Qazaqstan» телеарнасы жыр-дастандар туралы жаңа жобаның түсірілімін аяқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» телеарнасы жыр-дастандар туралы жаңа жобаның түсірілімін аяқтады

28.08.2023

«Qazaqstan» телеарнасы күзде өз көрермендерін ұлттық бағыттағы жаңа өнімдермен қуантпақ. Солардың бірі – жыр-дастандарды жеткізуге арналған «Жыр-аманат» жобасы. Ұлттық арна қазір туындының түсірілім жұмыстарын аяқтады. «Тыңнан түрен салған» жоба туралы келесі материалда.

Жобаның мақсаты - атадан балаға мирас болып қалған жыр өнерін жаңғырту. Сол себепті жоба авторлары халық жадынан ұмытылып бара жатқан мұраны қолға алған. Қолда барды таспаға түсіріп, өскелең ұрпақтың санасына сіңіру басты міндеттері санайды. Себебі жыр тыңдап өскен баланың зейіні ашылып, қарым-қабілеті артады дейді.

Нартай Сауданбекұлы, жоба жетекшілерінің бірі:

Жыр тыңдап өскен бала басқа болады. Өйткені біздің арғы-бергі тарихқа қарасақ, алысқа бармай-ақ кешегі Алаш арыстары немесе Шоқан мен Абай әжелерінен жыр тыңдап өскен. Қисса, дастан тыңдап өскен. Олардың қалыптасуына зор ықпал болды деп айта аламын.

Ұзақтығы 30 минуттық жобада фильм түсіру кезінде қолданатын арнайы эффектілер пайдаланылған. Жырды негізгі ала отырып оқиғаның өрбуіне байланысты бейнебаян түсірілді. Қазір монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Түсірілім тобы жыр өнерін көрерменге ерекше, тың бағытта жеткізгіміз келді дейді. Яғни эпизодтар кино жанрында көрсетіледі.

Жәнібек Әлікен, жобаның режиссері:

Қазір компьютерге үңілген, теледидарға үңілген балаға жырды қалай жеткізуге болады? Бұл өзі әлемдік кинематографияда болмаған қазақтың жырының айтылуы және соның көрсетілуі. Қиындықтар болды. Бұрын соңды бізге дейін біреу істесе, «былай, былай» деп соған қарап бой түзейтіндей емес.

Қазір жобаның төрт бөлімі түсірілген. Көрермен Ер Қармыс, Алпамыс батыр, Жантай батыр және Батыр Баян жырларын ерекше форматта көріп, тыңдай алады. Алдағы уақытта еліміздің барлық аймақтары мен жыр мектептері қамтылады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Qazaqstan» арнасы күзгі маусымда бұдан бөлек, 10-ға жуық жаңа жоба ұсынады.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу