Қарағанды облысында 500-ден астам тұрғын ауызсусыз қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында 500-ден астам тұрғын ауызсусыз қалуы мүмкін

24.08.2023

Қарағанды қаласындағы Үлкен Михайлов шағын ауданының 500-ден астам тұрғыны ауызсусыз қалуы мүмкін. Себебі су тарату мұнарасының иесі қыркүйектің 15-нен бастап су беруді тоқтататынын айтып, хабарлама таратқан. Жергілікті жұрт бұған наразы. Ал билік өкілдері мәселеден бейхабар болып шықты.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Үлкен Михайлов ықшам ауданының тұрғындары суды дәл осы мұнарадан алады. Стратегиялық нысан 90 жылдардағы тоқырау кезеңде жекенің қолына өтіп кеткен. Кәсіпкер содан бері бірде бір рет су мұнарасына күрделі жөндеу жасамаған.

Бірақ соған қарамастан осы күнге дейін су мұнарасы жұмыс ілдебайлап істеп тұрыпты. Қожайыны енді ескі мұнараны уақытша жөндеуге жабатынын мәлімдеген. Мұны естіген наразы жұрт мұнара маңына жиналды.

Ал мұнара қожайыны болса бұл шешімнен бас тартпайтынын айтып отыр. Себебі 1937 жылы салынған нысан бүгінде әбден ескірген. «Жөндемесе болмайды», - дейді.

Владимир Сероухов,Су мұнарасының қожайыны:

90 жыл ішінде мұнара әбден тозды. Қазір әрең жұмыс істеп тұр. Жарылып кету қаупі бар. Біз негізі суды былтыр өшірмекші болғанбыз. Бірақ тұрғындардың сұрауымен бір жылға шегердік. Сол кезде халыққа да, әкімдікке де ескертіп айтқан болатынбыз. Міне, жазған хатымыз да бар.

Бірақ әкімдік өкілдері бұл мәселеден бейхабар болып шықты. Қалай дегенмен де халықты сусыз қалдырмаймыз деп отыр.

Жанболат Тоқмұрзин,ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

Сіздерді ауызсусыз қалдырмаймыз. Оған алаң болмаңыздар. Қазір біз «Қарағанды су» мекемесімен бірлесіп бұл мәселені түбегейлі шешудің жолын қарастырып жатырмыз. Теміржолдың арғы бетінде сол мекеменің магистральды құбыры өтеді. Соған қосуды ойластырып отырмыз. Бірақ ауданішілік құбырлар тозған. Үлкен қысымға шыдамайды. Ертең әр жерден жарылып, елдің берекесін алады. Сондықтан біз әуелі үй арасындағы осы құбырларды ретке келтіріп алуымыз керек.

Ауданішілік құбырларды жөндеу бір күндік жұмыс емес екені анық. Оған әлі қаржы да қарастырылмаған. Сондықтан билік өкілдері мұнара суын биыл да өшірмеуді сұрап, кәсіпкермен келіссөз жүргізбекші.


Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу