Қазақстан мен АҚШ Президенттері таяуда Нью-Йоркте кездеседі - АҚШ Сенаторы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен АҚШ Президенттері таяуда Нью-Йоркте кездеседі - АҚШ Сенаторы

23.08.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Сенаты Ұлттық қауіпсіздік және Үкімет істері жөніндегі комитетінің төрағасы Гэри Питерспен кездесті. Мемлекет басшысы сенаторға ілтипат білдіре отырып, оның сапары екіжақты ынтымақ мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасуға жақсы мүмкіндік екенін атап өтті. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында «С5+1» форматында өтетін АҚШ пен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы саммитіне шақырғаны үшін Президент Джо Байденге ризашылығын білдірді. Кездесуде, сондай-ақ, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Америка Құрама Штаттары жаһандық қауіпсіздікті нығайту, ядролық қаруды таратпау, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және демократиялық құндылықтарды ілгерілету ісінде әрдайым біздің еліміздің стратегиялық серіктесі саналған. Біз көп нәрсеге қол жеткіздік ойлаймын. Әйтсе де екі елдің мүддесіне сай келетін салалардағы өзара ынтымақтастығымызды нығайту үшін алға қарай жылжуымыз керек.

Гэри Питерс, АҚШ Сенаты Ұлттық қауіпсіздік және үкімет істері жөніндегі комитетінің төрағасы:

Орталық Азия – әлемнің маңызды бөлігі, ал Қазақстан – Орталық Азия өңіріндегі негізгі мемлекеттердің бірі. Сондықтан біз алдағы уақытта ынтымақтаса жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар екеніне көз жеткізгіміз келеді. Бұл пікірімді Президент Байден де құптайды деп ойлаймын. Ол Сізбен таяу уақытта Нью-Йоркте кездесуге ниетті. Бұл кездесу біздің қарым-қатынасымызды нығайтуға оң ықпал етеді деп ойлаймын.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу