Қазақстан мен Вьетнам арасында 10 құжатқа қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Вьетнам арасында 10 құжатқа қойылды

21.08.2023

Ресми Астана мен Ханой арасындағы байланыс жандана түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға жасаған ресми сапары бұған тың серпін берді. Социалистік республиканың президенті Во Ван Тхыонгпен жүргізілген келіссөздер барысында оннан астам құжатқа қол қойылды. Соның бірі Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнату. Сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестиция мен мәдени-гуманитарлық салаларда табысты келісімдер бар. Ол екі ел арасындағы тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндік бермек.

Вьетнам – Оңтүстік Шығыс Азиядағы шағын социалистік мемлекет. Тәуелсіздік алу жолындағы тағдыры ауыр азапқа толы. Ғасырлар бойы Қытайдың ықпалында болды, кейін Франция жаулап алды. Америкамен соғысқаны да тарихтан белгілі. Осы қарулы қақтығыс кезінде миллионнан астам сарбазы мен екі миллион бейбіт тұрғыны қаза тапқан.

Мемлекет басшысының Вьетнамға ресми сапары тәуелсіздік үшін жан берген марқұмдардың руғына тағзым етуден басталды. Олар үшін Ханойда «Ұлт қаһармандары монументі» орнатылған. Бұл киелі, қастерлі жер. Әрі осы алаңда халықты бостандық үшін күреске көтерген Хо Ши Миннің мовзолейі бар. Президент оған да тәу етіп, гүл шоқтарын қойды.

Кейін мемлекет басшысы Вьетнам президентінің резиденциясына бет алды. Алыстан келген әріптесін Во Ван Тхонг үлкен құрметпен күтіп алды.

Досжан Маратұлы, тілші:

Мемлекет басшысын салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтіп жатыр. Бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға алғашқы ресми сапары. Негізі ол екі ай бұрын болуы керек еді. Алайда Абай облысындағы алапат өртке байланысты кейінге шегерілген болатын.

Бұл жолы сәті түсіп келген Қазақстан делегациясы табысты келісімдерге келуге ниетті. Сондықтан тараптар көп созбай, келіссөздерге көшті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанда сіздің елге және Вьетнам халқына зор құрметпен қарайтынын атап өткім келеді. Вьетнамның экономикалық жетістіктері елдеріміздің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға берік негіз болады. Біз екі мемлекет арасындағы экономикалық, саяси қатынастарға баса мән береміз және Вьетнамның экономикалық зор әлеуетін және оның халықаралық аренадағы беделін жоғары бағалаймыз.

Во Ван Тхыонг, Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті:

Вьетнам Қазақстанның дамуын және Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқының жеткен зор табысын жіті бақылап отыр. Сондай-ақ Вьетнам ұлт-азаттық күресі мен мемлекеттің бірігуіне және қазіргі дамуына қазақ халқының көрсеткен жәрдемін ешқашан ұмытпайды әрі алғыс айтады. Біз Қазақстанмен арадағы дәстүрлі достық қатынасқа зор мән береміз және еліңізді Орталық Азиядағы маңызды серіктес санаймыз.

Келіссөз қорытындысы бойынша 12 маңызды құжатқа қол қойылды. Алғашқысы сауда көлемін арттыруға арналған. Былтыр екі ел арасындағы тауар айланым 525 миллион долларға жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 23 процентке көп. Экспорт 55, импорт 15 пайызға артып отыр. Ал биыл 6 айдың өзінде сауда көлемі 600 миллион доллар.

Біз Вьетнамнан телефон, микрофон, шаңсорғыш секілді электр тауарларын аламыз. Қорғасын мен темір сатамыз.

Хоанг Ван Нгия, саясаттанушы:

Қазақстан біз үшін маңызды сауда серіктесі. Стратегиялық жағынан да елдеріңіздің рөлі ерекше. Өйткені Қазақстан Орталық, Шығыс Азия мен Еуропаға жол ашады. Сондықтан біз қарым-қатынасымызды арттыруға мүдделіміз.

Тағы бір жаңалық: Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнайды. Мұның екі елге де берері мол. Ең әуелі туризм дамиды. Сөзсіз, Вьетнам жылына миллиондаған қонақ келетін табиғаты бай мемлекет. Таулар, аралдар, теңіз, арзан шопинг қызықтырмай қоймайды. Бірақ бізге қазақстандықтардың Вьетнамға емес, вьетнамдықтардың қазақ жеріне саяхаттап келгені керек. Ол үшін олар еліміздің мәдениеті мен тарихына қызығуы керек. Міне, алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жүрмек.

Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Домбырамызды, жетігенімізді, қобызымызды алып келдік. Қазақтың өнерін, рухани қазынасын осы Вьетнам халқына паш ету мақсатында біз бірқатар мәдени шараларды өткіземіз деген жоспар құрдық.

Турист саны артса, ұшақ рейстерін де көбейту керек. Сондықтан келісімге сай, алдағы уақытта Қарағанды, Шымкент, Атырау қалаларынан да рейс ашылып, Вьетнамға аптасына 7 рет ұшақ ұшпақ.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

VetJet air деген компания қазір Алматыға аптасына 4 рет рейс жасайды. Олар енді оны көбейтіп, тағы біздің аэропорттарды басқаруға алғысы келіп отыр. Әрі тек адам тасу емес, тауар тасу, тауар айналымын көтеру үшін каргоны да жіберу туралы ойлары бар.

Яғни Вьетнамның елімізде тауар тасымалына арналған әуехабы пайда болады. Сондай-ақ бұл елдің бизнесмендері Қазақстанда мұнай өндіретін болды. Құжатқа сай ол үшін Қазақстан 10-нан астам кен орынын ұсынады. Оны вьетнамдықтар өздері барлап, қара алтын іздейді.

Мағзум Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының төрағасы:

Біздің есебіміз бойынша осы учаскелерде барлау жұмыстарын жүргізу үшін кемінде 80-100 миллион доллар қаражат қажет. Егер барлау жұмыстарының аясында кен орындарынан мұнай табылатын болса онда осы инвестициялар өте қомақты қаржыға өседі.

Досжан Маратұлы, тілші:

Осылайша екі елдің сауда экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларындағы байланысты бекемдей түспек. Ал мемлекет басшысының жұмыс сапары ертең де жалғасады. Президент бірқатар өнеркәсіп нысанын аралап көріп, ірі бизнес өкілдерімен кездеседі деп жоспарланған. Сондай-ақ бүгін ол Вьетнам президентін ендігі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу