Елімізде күн сайын 6 балаға қатысты қылмыс жасалып, 300-ден астам адам тұрмыстық зорлық зомбылыққа ұшырайды. Балалар арасында 1 күнде 5 қылмыс жасалса, жылына 150 жеткіншек терезеден құлап кетіп немесе жазатайым жағдайға ұшырайды. Қоғамдағы өзекті мәселе Түркістанда өткен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі талқыланған жиынында сөз болды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған дөңгелек үстелде қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен мемлекеттік ұйым өкілдері өскелең ұрпақ тәрбиесі мен балаларға қатысты әлімжеттіктің алдын алу және отбасы құндылықтарын сақтау жайын талқылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі зорлық-зомбылыққа қарсы қоғам мәдениетін нығайту қажеттігін атап өтті.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Бүгінгі іс-шараны арнайы киелі Түркістан жерінде ұйымдастырудың себебі – осындай ауыр қылмыстың жұрт болып жиылып шешімін табу, қоғамда әдеп нормасын қалыптастыру, профилактика шарасын егжей-тегжейлі талқылап, азаматтық сектор, жауапты органдармен бірлесіп жедел іс-қимыл жасау. Бүгін арқаны кеңге салсақ, ертең кеш болуы мүмкін. Дабыраға салмай, ешкімді дүрліктірмей, проблеманы ашық мойындап, екшелген шешім, зорлық-зомбылыққа қарсы қоғам мәдениетін нығайтуымыз қажет екені белгілі.
Жиында, сондай-ақ, «Qazaqstan» ұлттық арнасы түсірген деректі фильм таныстырылды. Онда балалар арасындағы зорлық-зомбылық проблемасына бей-жай қарамайтын, тәжірибелі мамандардың пікірі берілген. Министрлік тарапынан дайындалған «Балаларға қатысты әлімжеттіктің алдын-алу жөніндегі нұсқаулық» ұсынылды. Сала мамандары барлық өңірде зорлық зомбылыққа ұшыраған отбасылар мен балаларға психологиялық көмек көрсететін орталықтар ашылатынын жеткізді. Балалар құқығын қорғау комитетімен мектептерде Қауіпсіздік сабақтары енгізілетінін атап өтті.
Динара Закиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі:
Балардың қауіпсіздігіне қатысты және балаларға қарсы жасалған қылмыстар бойынша заңға жазаны қатаңдататын, жауапкершілікті күшейтетін өзгерістерді дайындадық. Заң жобасын дайындадық. Бұл заң жобасын сарапшылармен, үкіметтік емес ұйымдармен алдағы уақытта талқылайтын боламыз. Сонымен балаларға арналған мекемелерге қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі таңда аймақтармен үш жылға жоба дайындап жатырмыз.
Бүгін Түркістанда, сондай-ақ, еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мен Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін ілгерілету мақсатында алқалы жиын өтті. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысқан басқосуда дін саласындағы мемлекеттік саясат кеңінен түсіндіріліп, ортақ адамгершілік қағидалары тұрғысындағы ойлар ортаға салынды. Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында Президентіміз ортаға салған сындарлы тұжырымдары мен сарабдал ойлары, тапсырмалары тереңінен талқыланды. Жиында, сондай-ақ, дінге қатысты өзекті мәселелер мен діни экстремизмге қарсы күрес жайы сөз болды.
Айнұр Әбілқасымқызы