Абай облысында оқушылар апатты мектепте оқуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында оқушылар апатты мектепте оқуға мәжбүр

15.08.2023

Абай облысында үш мектеп апаттық жағдайда тұр. Мамандар бұл мәселені қалай шешеміз деп бас қатырып отырған сыңайлы. Әбден тозып, төбесі мен едені шіріп, қабырғасы іріп тұрса да, кейбірінде биыл да балалар оқуға мәжбүр. Өйткені дайын тұрған басқа ғимарат жоқ.

Абай облысы Екпін ауылындағы орта мектептің төбесінен жауын жауған сайын осылай су сорғалап тұрғанына бірнеше жыл болды. Қабырғалары сыз тартып, көгеріп, қопси бастағандықтан ғимараттың үшінші қабаты қолдануға жарамсыз. Спорт залының үстіңгі бөлігі үгілген соң 5 жылдан бері жабық тұр. 32 жыл болған ғимаратты 2021 жылы мамандар «апатты жағдайда» деп таныған. Бірақ соған қарамастан оқушылар бастарын қатерге тігіп оқып келеді.

Жанар Жаңамергенова, Екпін ауылының тұрғыны:

Көктем кезінде, қар ерігенде кабинеттердің бәріне су ағады. Сондай жағдай болғаннан кейін үшінші қабатты былтырдан бері жауып тастады ғой. Оқытуға тура келеді. Өйткені осында тұрамыз. Басқа мектеп жоқ қой.

Берікқазы Құрманғожин, мектеп директорының міндетін атқарушы:

Енді былтырғы оқу жылында оқып шықтық. Апаттық блокты жаптық. Кабинеттерден су ақпайтын жерлерге балаларды екі ауысымда оқыттық. Осы біздің мектептің апаттық жағдайы жылдан жылға ұлғайып барады.

Білім басқармасындағылар, биыл да шыдай тұруға тура келеді деп отыр. Өйткені жөндеуге келмейтіндіктен, жаңасын саламыз деп уәде беруде.

Әсем Нүскенова, Абай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Екпін ауылындағы Кабеков атындағы орта мектепте 24-25 оқу жылында бізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орынға арналған мектеп салынады.

Ал мынау Шығыс Қазақстан облысындағы Ақжар ауылындағы жағдай. Қыдырбек Біләлов атындағы мектеп лицейі, облыста білім көрсеткіші бойынша үздіктер қатарында. Алайда қабырғасы сыз тартқан, есік терезесі ескірген, парта орындық пен тақтасы Кеңес заманынан бері ауыспаған ескі мектепке жаңа оқу жылында балалар қайта келеді. Биыл күрделі жөндеуге 119 миллион бөлінген. Бірақ келісімшарт жасаған мердігер қаржының аздығын желеу етіп жөндеуден бас тартыпты.

Самал Дәуітбаева, Тарбағатай аудандық білім бөлімінің басшысы:

Аванстық қаражат аударылған. Алайда қазіргі күні жұмыстар басталған жоқ. Сот процесі жүргізіліп жатыр.

Жалпы еліміз бойынша биылғы оқу жылы қарсаңында 260 мектеп күрделі жөндеуден өтуі тиіс болған. Алайда 80 білім ошағындағы жөндеу сабақ басталғанша аяқталмауы мүмкін. Көп жағдайда мердігер компаниялар келісімшарт мерзімін бұзған.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу