Атырау облысында барлау кезінде қазылған су ұңғымалары жаппай жабылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында барлау кезінде қазылған су ұңғымалары жаппай жабылып жатыр

11.08.2023

Атырау облысындағы Жылыой ауданында кен орындарын барлау кезінде қазылған су ұңғымалары жаппай жабылып жатыр. Бірақ, бұған шаруалар түбегейлі қарсы. Жер астынан атқылаған тіршілік нәрі- ұзақ жылдан бері шаруашылықтардың өзегіне айналған. Малшылар, егер бұрқақтардан айырылсақ, жұтқа ұшыраймыз дейді.

Бұрқақтанбереке тауып отырған шаруашылықтың бірі - «Бес ағайын». Мұндағылар тоқтаусыз аққан тіршілік нәрін тиімді пайдалануға көшкен. Су көзіне құбыр орнатып, айналасына шағын тоған жасаған.

Амангелді Дәулетбаев, шаруа:

Егін суарып отырмыз. Мал суарып отырмыз. Жаппағаны жақсы ғой. Шаруаның бәрі осыған тіреліп отыр. Жапқан жағдайда құримыз ғой.

13 жыл бұрынғы зерттеу бойынша өңірде кен орындарын барлау жұмысынан қалған 180 гидрогеологиялық ұңғыма бар. Соның 177-сі Жылыой аумағында орналасқан. Олардың бір бөлігі өткен ғасырдың 50-жылдарында, қалғаны кейінірек бұрғыланған. Тәулігіне орташа есеппен 60 мың текше метр су ағады.

Жандос Темірғали, тілші:

Бұл жерді шаруалар «Биік жал бұрқағы» деп атап кеткен. Су шамамен 300-400 метр тереңдіктен шығып жатыр. 30 жыл бойына осылай атқылап тұр. Мұздай. Қазір дәмін көреміз. Былай кәдімгі ауыз су сияқты. Бірақ, кермек дәмі бар екен.

50-ге жуық қожалық осы бұрқақтардың арқасында күнелтіп отыр. Аудандағы төрт түліктің тең жартысы ұңғыманың суына тәуелді.

Боранбай Оралбаев, шаруашылық жетекшісі:

Мына жерден суды мал ішіп отырғанымен, ауыз суды тасып ішеміз Құлсарыдан 200 км жерден. Бірақ, мал үшін мына жаққа келіп отырмыз.

Шаруалардың базынасынан кейін ауданда жұмысшы топ құрылып, арнайы барлауға шыққан. Олар Жылыой аумағынан 70 гидрогеологиялық фонтанды анықтаған. Жауаптылар жабылған ұңғымалардың белгілі бір бөлігін ашпаса– мәселе одан бетер ушығатынын айтады.

Нұртас Қуатбаев, Жылыой аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Ұңғылар жабылса шаруашылықтардың жұмысы тоқтайды. Аудандағы мал басы азаяды.Өз өзін жұмыспен қамтып отырған шаруалар жұмыссыз қалады. Соған байланысты бізге жаппағаны дұрыс. Біздің ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайы түсіп кетеді.

2021 жылы Жылойда 68 ұңғыма жабылу керек еді. Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 47-сінің көзін бітеді. Алайда шаруа қожалықтарына су қажет болғандықтан бұл жұмыс тоқтатылды. Бірақ мамандар – ысырапқа жол жоқ, иесіз бұрқақтарды заңдастыру керек дейді.

Едіге Сабыров, гидрогеолог:

Мысалы бір ұңғыманың басында керегі 15-20 тоннадан артық судың қажеттілігі жоқ. Оны мал жоқ артық ішетін. Әрі кеткенде 60 тонна. 60 тоннаны ішу үшін 1000 жылқы керек. Сондықтан, ол жердегі суды қажетінше, бірақ, ысырап қылмай пайдалану керек. Бір жолы коммуналдық меншікке алу.

Жұмысшы топ облыс әкімдігіне қолданыстағы су ұңғымаларының тізімін берген. Қазір жауаптылар оларды мемлекет меншігіне өткізу жайын қарастырып жатыр.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу