Елімізде биыл 70 мың студентке жатақханадан орын жетпейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде биыл 70 мың студентке жатақханадан орын жетпейді

08.08.2023

Елімізде биыл 70 мың студентке жатақханадан орын жетпейді. Оның 30 мыңнан астамы Алматыда білім алғысы келетін түлектер. Ал жауаптылар оқу жылы басталғанша небәрі 1 жарым мың орынды дайындап үлгереміз дейді. Демек пәтер жалдау ақысы тағы қымбаттайды ма? Кәсіпкерлер неге жатақхана салуға қызығушылық танытпай отыр?

Биыл да арман қуып, Алматыға келетін түлектердің басым бөлігі пәтер жалдап тұрмақ. Мәселені шешудің екі жолын қарастырған жауаптылар ойымыз ауыз толтырып айтарлықтай іске аспай тұр дейді. Мәселен, мемлекеттен жатақхана саламын деген кәсіпкерлерге әр студенттің орны үшін қаражат бөлінеді. графика: Егер, жаңа ғимарат салса бір орын үшін 6 жыл үздіксіз 793 мың 500 теңгеден төленеді. 862 мың 500 теңгенің орнына 793 мың 500Ал нысанды қайта жөндеуден өткізіп тапсырса, 8 жыл 317 мың 400 теңге беріледі. Бірақ, Алматыда мұнымен мәселе шешілмей тұр.

Дамир Құтымов, «Студенттік жатақхана құрылысының жобалық кеңсесі» жобасының жетекшісі:

Қаланың қақ ортасында бос жатқан жер болмағандықтан, кейбір бизнес орталықтың иелері ғимартты жатақханаға айналдыруға келісіп жатыр. Қыркүйекке дейін 1 жарым мың орынға шақталған 5 нысан пайдалануға беріледі. Ал жыл соңына дейін қайта жөндеуден 12, ал жаңа 2 ғимараттың құрылысы аяқталады. Оған 4 мың студент жайғасады.

Қалада бос жер болмағандықтан, инвесторлар шеткі аудандарда да жатақхана салуды бастапты. Бірақ, жастар оқу орнына алыс деп келмей қоюы да мүмкін дейді мамандар. Сондықтан, кәсіпкерлер жоғары оқу орнына қатынайтын автобус пен тегін интернет, таңғы ас сияқты жеңілдіктерді қоса ұсынбақшы. Ал кейбір университеттердің басшылығы орталықтан бүтін көпқабатты үйлерді сатып алуды да көздеп отыр екен. Өйткені, 1-ші қыркүйектен бастап жеке жоғары оқу орындары толыққанды студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге міндетті.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Сондықтан ЖОО басшылары түсінуі керек, бұл кез-келген ЖОО ректорының, акционерлерінің таза жауапкершілігі. 3 қалада Астана, Алматы, Шымкентте кішігірм жатақхана төсек - орындар қоры болады. Егер қиын жағдайға ұшырап қалған, әбден далада қалған студенттерімізге 20-30 орындық қорды дайындап қойдық.

Алайда бұл қордың барлық студентке жетпейтіні анық. Сондықтан, сарапшылар пәтерге сұраныс артады, баға да 10 пайызға өседі деп топшылап отыр. Ал кәсіпкерлердің жатақхананы көптеп салмауына мына мәселе кедергі дейді.

Мақсат Серәлі, экономист:

Инвестордың қаражат салған ақшасына экономикалық тұрғыдан қайтару мерзімділігі ұзағырақ болып саналады. Сондықтан бұл салаға кәсіпкерлер бизнес көзі ретінде қарамайды, яғни бұл әлеуметтік кәсіпкерлік деп қарастыруға болады. Менің ойымша қазір министрлік болсын, үкімет болсын бизнестің жатақхана соғуға ықтималдылығын, оңтайлылығын солардың жағдайын жасау керек деп ойлаймын.

Министрліктің мәліметінше, мемлекеттен көмек алып жатақхана салуға әзірге 150 компания келісіпті. Оның 30-ы өз жұмысына кіріскен. Қайткен күнде де жатақхана жыры 2025 жылға дейін созылуы мүмкін, деді сала мамандары. Айта кетейік, осы аптадан бастап паналайтын жер таппай қалған студенттер тәулік бойы жұмыс істейтін ахуалдық орталыққа хабарласып, көмек сұрай алады.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу