Жамбылдағы Президент резиденциясы балалар оқу-сауықтыру орталығы болып қайта ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдағы Президент резиденциясы балалар оқу-сауықтыру орталығы болып қайта ашылды

02.08.2023

Жамбылдағы Президент резиденциясы балалар баратын оқу-сауықтыру орталығы болып қайта ашылды. Бұған дейін Мемлекет басшысы «еліміздің бес облысындағы әкімдер тұратын Президент үйлері балалар игілігі үшін берілу керек» деген болатын. Аймақтағы тілшіміз Гродиково ауылындағы айына 50 оқушыны қабылдауға қауқарлы кешеннің ашылуына қатысып қайтты.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Кеңестік кезеңде бірінші хатшылар бас бұратын, егемендік алғалы екі президентіміз де Таразға келсе тоқтайтын, тынығатын резиденция енді оқушылардың оқу-сауықтыру орталығына айналды.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Осында келетін 5-9 сынып оқушылары үшін барлық жағдай жасалған. Сауықтырып, демалудан бөлек, жаңа оқу жылында сабақ процесі де өтеді. Ал мұнда бір топ бала дойбы ойнап отыр екен. Балалар көңіл-күйлерің қалай? Өздеріңе осы орталық ұнады ма?

Назерке Әбдікәрімова, оқушы:

Иә, маған ұнады. Осы жерге келгеніме 3 күн болды. Табиғаты керемет. Тәрбиешілер күшті. Тамақ ішіп болғаннан кейін әр түрлі ойындарды ойнаймыз.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Аумағы атшаптырым, 10 гектар. Расыменде ел басқарған азаматтардың табаны тиген тамаша жер. Табиғаты да сұлу. Орталықтың бір иығы тауға сүйеніп тұр. Ал табанында сарылдап аққан су жатыр.

Данияр Әлімқұл, тілші:

60 жыл бойы ел басқарған азаматтарға қызмет еткен резиденцияны күтіп ұстауға жылына 50 млн теңгеге жуық қаржы кететін. Енді миссиясы өзгерген мекеме жаңадан жабдықталды.

Мәди Мәтен, облыс әкімінің аппарат басшысы:

Бюджеттің есебінен 610 млн теңге қаржы бөлінген. Бір мезетте оқу орны 50 баланы қамтуға ыңғайластырылған. Оның ішінде 10%-ға жуығы инклюзивті санаттағы оқушылар. Жаз мезгілінде оқу орталығында балалардың қамтылуы негізі 12 күндік болатын болса, қалған кезеңдерде 24 күндікті қамтитын болады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Жалпы биылғы жаз Жамбылдағы 9 сауықтыру лагерінде 9 мыңнан астам бала демалуда. Ал қатарға жаңа қосылған «Мөлдір бұлақ» жылына мыңнан астам баланы қабылдайды деп жоспарланған.


Хабарламаларға жазылу