Елімізде алғаш рет бауырдан құрт алынып ота жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде алғаш рет бауырдан құрт алынып ота жасалды

02.08.2023

Елордалық дәрігерлер ағзасының негізгі органдарын құрт жайлап кеткен науқасты аман алып қалды. Паразиттер - бауыр, өкпе, миға дейін шапқан. Дәрігерлер науқасқа бірнеше операция жасап, ауруды уақытында тоқтатып үлгерді.

Операция үстелінде жатқан науқастың негізгі органдарына құрт жабысқан. Ауыз қуысынан ішек жолдары арқылы бауырға түскен, кейін өкпесіне өтіп, одан соң миына шапқан.

Диагноз – альвеококкоз. Аурудың қаупі – ұзақ жылдар бойы белгі бермейді. Ағзаны біртіндеп зақымдайды. Бұл науқаста да тура сондай. Бірнеше органға жабысып, үлкейіп алғаннан кейін ғана аурусыну пайда болған. Дәрігерлер әуелі басына 2 рет операция жасап, мидағы құрттарды алып тастады. Енді бүйрекке жасалып жатыр. Ең күрделісі де осы. Науқастың өз бауырын алып шығып, тазалап, қайтадан өзіне орнату. Бұрын соңды ел аумағында жасалмаған.

Серік Дүйсенбі, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың нейрохирургы:

Бауырындағы паразит өте үлкен болған. Бауырдың бауы дейді ғой. Бауырдың бауындағы тамырларды, артерия, одан кейін өт, сұйықтық жолдарының бәріне жабысып өскен. Өйткені бұл эхинококк паразиттік ауруға жатады. Ол паразиттік ауру қаннан нәр алады. Сол үшін ол қоректік беретін, әсіресе, қан тамырларына қатты жабысып тұрады.

Операция жарты тәулікке созылып, бауырдың 40 процентін ғана қалдырды. Қалғанын құрт жеп қойған. Талдықорғандық әженің қазір жағдайы жақсы. Отадан соң оңалып келеді.

Ақжол Хайролла, баласы:

Осы ауруды 3 жыл бұрын білдік. Ол кезде бұл кісі талды. Талғаннан кейін ауруханаға апарды. Сөйтсек, бұл кісінің 3 жерінде бар екен. Басында, өкпесінде, бауырында.

Бауыр құрты дертін дәрігерлер «құрт рагы» деп те атайды. Өйткені қаупі қатерлі ісіктен кем емес. Бізде оңтүстік, шығыс өңірлерде жиі кездеседі. Негізінен иттен, дала жануарлары мен жуылмаған көкөністер арқылы жұғады.

Әнуар Маратұлы, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың бөлімше меңгерушісі:

Бауырында негізгі ісік болған соң, ол ісік деп саналады. Қатерлі ісік сияқты саналады. Ең жаманы осы құрт ағзадағы ана ең үлкен тамырға өскен. Осындай тәжірибеміз бүкіл Қазақстанда жоқ. Өте қиын жағдай. Негізі науқас ешқандай ем жасамауы мүмкін. Сол себептен қиын ота жасалады.

Науқас бүгін үйіне жіберіледі. Бірақ 3 айдан кейін оны тағы екі операция күтіп тұр. Дәрігерлер енді өкпедегі құрттарды алады.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу