Этникалық қазақтарға арналған «Ата жолы» картасына өтініш беру жеңілдейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Этникалық қазақтарға арналған «Ата жолы» картасына өтініш беру жеңілдейді

31.07.2023

Этникалық қазақтарға арналған «Ата жолы» картасына өтініш беру жеңілдейді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Яғни картаға онлайн қосымша арқылы қол жеткізуге болады.

IT саласының маманы Хамза Тілек Моңғолия азаматы. Бірнеше жобаның авторы. Елге оралуды көптен бері ойластырып жүрген ол Қазақстанға ата жолы картасымен келу көптен күткен мүмкіндік дейді.

Хамза Тілек, Моңғолия азаматы:

Сол Моңғолияда 5 жыл бойы өз мамандығым бойынша кәсіп жасадым. Қазақстанға көшіп келу үшін отбасымызбен жоспар жасағанбыз. Алайда бірден көшіп келу тиімсіз болғандықтан, мақсатым – осы «Ата жолы» картасы арқылы ол жақтағы кәсібімнен қол үзбей отырып, 2-3 жыл шамасында кәсібімді осы жақта да жүргізіп, кейін біржола Қазақстанға келу.

Хамзаның екі баласымен жұбайына да бұл карта толық жарамды болады. Медициналық тексерістерден еркін өтіп, ұл қыздары мектепке бара алады. Жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі мен жұмысқа орналасу жағдайы да қаралған. Алайда картаға өтініш жібермес бұрын бірнеше талаптың орындалуы шарт.

Сәкен Ділдахметов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы:

Басты шарттарының бірі елімізде жеңілдетілген түрде мамандықтардың тізбесі бар, соған ену керек. Екіншіден, сол елде тұратын өзінің бір бизнес көзі болу керек. Елімізде тапшы мамандықтар тізіміне ену керек.

Картаны алу үшін өзге елдің азаматтығынан шығудың қажеті жоқ. 10 жылға жарамды құжат алдымен 5 мың азаматқа табысталады. Бұл туралы министрліктің 2023-27 жылдарға арналған даму жоспарында қамтылған. Айта кетейік, алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 8034 этникалық қазақ тарихи отанына оралып қандас мәртебесін алған. Олардың дені Алматы, Маңғыстау, Түркістан мен Жамбыл облыстарына, сондай-ақ Астана, Шымкент қалаларына қоныстанды.

Еркебұлан Меңлібаев, сарапшы:

Бұл жерде Қазақстан азаматтарымен айырмашылығы бұл елімізде болып жатқан саяси реформа, дауыс беру науқандарына, референдумға немесе басқа да Қазақстан азаматтарының дауыс беру құқықтары оларға пайдалануға рұқсат етілмейді. Бұл қабылданған ережеде анық көрсетілген.

«Ата жолы картасына» «Құтты мекен» мобильді қосымшасы арқылы өтініш жіберуге болады. Құжат 5 күн ішінде қаралады. Барлық талапқа сәйкес келетін қандастарға «қазақша GREEN карта» табысталады.

Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу