Алматыда 8 ауданнан үздік отбасылар іріктелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 8 ауданнан үздік отбасылар іріктелді

25.07.2023

Алматыда 8 ауданнан үздік отбасылар іріктелді. Олардың арасынан топ жарғаны Астанаға аттанады. Мегаполисте жыл сайын ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды.

Сыбанбековтер отбасы кәсіпкер әрі іскер әулет ретінде көпке танымал. Экологиялық таза өнімнен қапшықтар дайындап, Алмалы ауданының біршама тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ жыл сайын 300 оқушыны оқу құралдарымен қамтамасыз етіп келеді. Қайырымды жандар спорттан да қалыс қалмайды. Өнегелі жанұя бүгін «Мерейлі отбасы» байқауында үздік шығып, жеңімпаз атанды.

Зайра Бошанова, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:

Қазір толқып тұрмыз. Өз басым осындай конкурсқа бірінші рет келіп отырмын. Өте жақсы өтті.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қатысушылары бұл шараның жанұядағы қадір-қасиетті кеңінен насихаттауда маңызы зор дейді. Осымен 10 жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан конкурсқа Алматы қаласы бойынша биыл 200-ден астам өтініш келіп түскен.

Ақбота Садық, қалалық Қоғамдық даму басқармасының бас маманы:

Биыл бізге 232 өтінім келіп түсті. Оның ішінен әр ауданнан 2 үздік отбасыны қалалық комиссияға жолдады. Қалалық комиссия 8 ауданның жеңімпазын және қала бойынша жеңімпазды анықтады.

Байқау барысында отбасы мүшелері өздерінің тұрмысы туралы бейнежазбалар түсіріп, ұйымдастырушыларға жолдаған. Сондай-ақ олардың құжаттары жіті тексерілген. Қалалық қоғамдық даму басқармасының мамандары байқауды өткізудегі басты мақсат үлгілі, мерейлі жанұяларды халыққа көрсетіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, дейді.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу