Алматы облысында «Егінжай күні – 2023» дала семинары өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында «Егінжай күні – 2023» дала семинары өтті

19.07.2023

Ауыл шаруашылығы саласында шешімін таппаған мәселе көп. Соның бірі - дақылдарға тұқым тапшы. Мәселен, сұрыптардың тең жартысы шетелден импортталады. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында ғылымды дамытуға көп көңіл бөліне бастады. Бұдан да өзге мәселелер Алматы облысында өткен «Егінжай күні – 2023» дала семинарында айтылды.

Тұқым шаруашылығына Үкіметтің бөлетін жеңілдетілген несиесі бар. Он жыл көлеміне техника, тұқым және тыңайтқыштар алуға қаржы қарастырылған. Бұл жұмысты жүйелі жүргізіп, шаруаларға қолжетімді ету қажет. Өйткені әркім өз күшімен ауқымды іс тындыра алмайды дейді жауаптылар.

Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

50 пайыздан жоғары біздің отандық тұқымдар. 45%-ы шетелден келіп жатқан, импортталған тұқымдар. Отандық тұқымды бәсекелестікке келтіру. Бір деңгейде немесе содан арттыру ең басты мақсат бұл күні.

Қазіргі таңда отандық ғалымдар өсімдіктердің 500-ден аса түрі мен будандарын шығарған. Оның 200-ден астамы өндіріске енген. 42-сі шетелге экспортталады.

Қуантар Әлиханов, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының басқарма басшысы:

Мынандай аптап 40 градусқа төзімді біздің отандық ғалымдардың жасаған сұрыптары климатқа төзімді сұрыптарды біз пайдалануға өндіріс орындарына, бизнеске ұсынып жатырмыз. Аграном, зоотехник, мал дәрігері, мал шаруашылығы, топырақтанушы, өсімдік қорғау барлығы бірігіп жұмыс жасауы керек.

Ауыл шаруашылығы саласындағы тағы бір өзекті мәселе – су тапшылығы. Сондықтан тіршілік көзін үнемдеу аса маңызды. Осы орайда мамандар, алқапты тамшылатып суғару технологиясын кеңінен қолдану қажет екенін айтады. Мәселен, бір ғана Алматы облысындағы 264 мың гектар суармалы жердің 30 %-ы осы әдіске көшкен. Оның көлемін жыл сайын арттыру көзделіп отыр.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу