Түркістан облысында көгілдір отын мен мектеп тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында көгілдір отын мен мектеп тапшы

14.07.2023

Түркістан облысы, Жетісай ауданына қарасты Абай ауылының тұрғындары арнамызға хабарласып, отыз жылдан бері мектеп пен көгілдір отынға зәру екендіктерін жеткізген болатын. Айтуларынша елді мекеннің 400-ден аса баласы көрші ауылға жаяу қатынап оқиды. Оларды тасымалдайтын автобус та қарастырылмаған. Ал, көгілдір отынды береміз деген биліктің уәдесін күтіп шаршадық дейді. Екі мыңға тарта халық тұратын Абай ауылы облыс орталығынан шалғай орналасқан. Елді мекен тұрғындары үшін әсіресе көгілдір отын мәселесі өзекті. Көрші ауылдарға құбырлар тартылғанымен, абайлықтарға газ беруге жауаптылар асықпай отыр. Соңғы кезде ауылға отын мен көмір тасу мұңға айналған дейді жергілікті халық.

Несібелі Еспанова, Абай ауылының тұрғыны:

Көмір биыл 42 мыңға шейін барды ғой. 6-7 тонна жақты. Оған мысалы жағдайы келетіні де бар, келмейтіні де бар. Жылына 2-3 тонна жағатын. Биыл 6-7 тоннаға дейін жақты. Арасында ағаш жағады. Ағаш та жоқ уже қазір.

Айнұр Қалдыбаева, Абай ауылының тұрғыны:

Үш жылдан алдын біз 10 мың теңгеден жинап бергенбіз газге. Ал ол жинап беріледі осы айда деген кезде берілген жоқ. Квитанциялары да бар. Барлығы қолымызда.

Жауаптылар болса ауылға газ құбырларын тартуға арнайы жоба жасалған деп отыр. Бірақ қажетті қаражат бөлінбей, жоба жүзеге аспаған.

Берік Мәмбетов, Жетісай аудандық түкш бөлімінің басшысы:

Қазіргі таңда жалпы сметалық құны 445 млн теңгені құрайды. Республикалық бюджеттен қаржы қарастыру мақсатында салалық басқармаға ұсыныс енгізілген. Аталған қаржы қаралған жағдайда елдімекенде құрылыс монтаждау жұмыстарын жүргізетін боламыз.

Абай ауылының тұрғындарын мектеп мәселесі де мазалайды. Жазда балалар демалыста жүргенімен, күзде көрші ауылға жаяу қатынап оқиды. Сондықтан бастауыш болса да мектеп керек дейді. Оқушыларды тасымалдауға арнайы автобус бөлінбегендіктен, балаларды жолай ит қапқан жағдайлар көбейген көрінеді.

Гүлдархан Өркенбаева, Абай ауылының тұрғыны:

Кішкентай балдарымызды, бес жасар, нулевойда оқитын қыздарымызды жіберуге қорқамыз. Оны күтіп алып, келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Жолы алыс. Талай баланы иттер талады әйтеуір. Қауып алады, жаңбыр жауып кетеді. Қар жауып кетеді. Оларды сүйреп алып келеміз.

Оның үстіне жеткіншектер көлік жүретін жолмен жүруге мәжбүр. Себебі аяқ жол салынбаған. Баласының өміріне қауіптенген жұрт мектептегі ұл-қызын көрші ауылдарға туыстарына жіберуде екен.

Әбдірайым Мыржыбаев, Абай ауылының тұрғыны:

Балдарымыз жан жақта оқиды. Жан жақта жүр. 40 бала Қошқарбаевта оқиды, 40 бала. Мына жерде тәжік ауыл бар, 120 үй. Содан 35 бала Сейфуллин мектебінде оқиды.

Өзекті проблеманы ауданның жауаптылары жақсы білетін болып шықты. Яғни 200 орындық мектеп салуға қаражат соңғы төрт жылдан бері сұралуда. Бірақ білім ошағына қажетті деген 801 млн теңге бөлінбегендіктен, жасалған жоба да ескіріп қалған.

Асқар Тәтеев, Жетісай аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы:

Жобалық-сметалық құжаттың мерзімі өтіп кетуіне байланысты қайтадан түзетуге ұсынамыз, қайта өңдеуге. Ол 2019-шы жылғы бағамен қазіргі баға құрылыс материалдары сәйкес келмейді ғой. Қосымша 200 орындық мектеп салу үшін салалық басқармадан қаржы сұралады.

Оқушыларды автобуспен тасымал ұйымдастыруға ара қашықтық аз екенін алға тартады. Тиісті талаптар бойынша екі ауылдың арасы үш шақырымнан кем болмауы керек. Аяқ жол салуға ауданға арнайы ұсыныс жолданған. Бірақ қаражат қарастырылмаған.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу