Еліміздің шығыс және солтүстік өңірлерінің марал өсіруге табиғи әлеуеті жетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің шығыс және солтүстік өңірлерінің марал өсіруге табиғи әлеуеті жетеді

13.07.2023

Еліміздің шығыс және солтүстік өңірлерінің марал өсіруге табиғи әлеуеті жетеді. Мемлекетте тек осы саланы қолдауға арналған нақты бағдарлама мен жоба жасалуы керек. Бұл - ішкі туризмнің дамуына әсерін тигізеді. Ал қазір тек шығыстағы Қатонқарағай өңіріндегі бірлі-жарым шаруашылық қана Алтайдың кербұғысын өсіріп отыр.

Төрт түлікке қарағанда маралды бағып-қағуда ерекше жауапкершілік керек. Маралшылар жаздай азық дайындаса, 8-9 ай қыста жем-шөпті қолдан береді.

Ержан Дәулетбаев, шаруа:

Сағат 4-5 тен жүреміз. Қамап, кіргізіп. Бәрі ойлайтын болу керек сиыр сияқты жуас деп. Ол аң сияқты ғой. Қорға кірмейді. Тамағы бөлек. Баққаны бөлек. Мүйіз кескені де бөлек.

Дәл қазір мүйіз кесу науқаны.Маралды осы мүйізі үшін өсіреді. Сырты үлпілідеген жас өскіннен алынатын пантыны бұдан 3 мың жыл бұрын тибеттік медицина кеңінен қолданған.

Олжас Керейхан, тілші:

Маралшылар үшін қазір ең жауапты кезең.Жыл он екі ай еткен еңбек, төккен терінің қорытындысы шығатын кез. Кесілеген мүйіз мынадай арнайы қазандықтарда белгілі температурада қайнатылып, одан алынған сорпа келесі бөлімге ем шара үшін жіберілді.

Мүйіз толық қайнатылып қаны сорғыған соң арнайы орында кептіріледі. Әр маралдың мүйізі екіншісі сыңарымен қосақталып бірге ілінеді. Тоқтарбай Дәулетбаев осы жауапты жұмысты істеп келе жатқанына 40 жылдан асты. Енді бұл кәсіпті немересіне үйретіп жүр.

Тоқтарбай Дәулетбаев, панты даярлаушы:

Біз отбасымызбен панта даярлаушы болып еңбек етеміз. Осы кәсіпті үлкен екі ұлыма үйреттім. Енді немерем үйреніп жүр. Панты дайындау ол өте қиын кәсіп. Мүйізді де кез-келген адам кептіре алмайды.

Қатонқарағайда бұрын 20 мың марал болған. Қазір 5 мыңдай ғана кербұғы бар. Көбісі ұсақ шаруашлықтар. Ірі қожалықтардың өзінде маралдың саны мыңнан аспайды.

Дамир Қалихан, марал шаруашылығының жетекшісі:

Кезінде қанша үлкен-үлкен марал шаруашлықтары болған. Көбі жабылып жатыр. Мемлекет жақсы бағдарлама жасап марал шаруашылығын көтерсе дұрыс деп ойлаймын.

Соңғы 10-15 жылда маралдың саны күрт кеміп кетті. Шығыны мен машақаты ауыр болғандықтан маралшылардың көбі басқа кәсіпке кете бастады. Тек былтырдан бастап мемлекеттен субсидия төлене бастады. Асыл тұқымды аналық бір бас маралға 10 теңгеден субсидия берілген.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу