Жаңа заң талаптары белгілі болды. Енді оның жұмыс істеу механизмдері жасақталып, қаажат жұмсалады. Заңсыз активтерді мемлекетке қайтарумен Бас прокуратура айналысатын болды. Ведомство мемлекеттік органдар мен тыйым салынбаған басқа да ақпарат көздерінің дерегі негізінде мониторинг жасайды. Талдау нәтижесінде активтерді заңсыз шығару схемасына қатысы бар тұлғалар, оның мөлшері және басқа мәліметтер анықталады. Иемденген активтері күмәнді тұлғаларды комиссия арнайы реестрге енгізуді ұсынады.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бас прокуратураның жанынан арнайы мемлекеттік құрылым жасақталады. Оған мықты-мықты шетелдік сарапшылар, Отандық ғалымдар, шетелдердегі құқықтық заңнама қалай жұмыс істейтінін түсінетін сарапшылар келуі керек. Ертең мемлекеттік комиссия құралады. Оған қоғам белсенділері, депутаттар, күштік құрылымдардың басшылары кіреді.
Уәкілетті орган Реестрге енген адамдарға бұл туралы хабарлайды. Осы сәттен бастап тұлғалар активтерді иемденудің заңдылығын растау үшін арнайы декларация тапсыруға тиіс. Оған бір айдан үш айға дейін уақыт беріледі.Тұлға мүлкінің заңдылығын дәлелдей алмаған жағдайда мұндай активтер шығу тегі түсініксіз деп танылады.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ұлыбритания, Канада, Америка елдерінде қолданылып жатқан тәжірибе. Бұл жердегі басты ерекшелік неде жатыр. Бұл жерде азаматтық процестер арқылы жүзеге асырылады. Және бұл жерде біздің қылмыстық және басқа процестерде қолданылатындай сотқа талап арыз қою мерзімі, болмаса қылмыстық жауапкершілікке сотқа тарту мерзімдері қолданылмайды.
Заңсыз иемделінген активтерді қайтару ерікті түрде немесе Республиканың, шет мемлекеттердің сот актілері немесе шет мемлекеттердің құзыретті органдарының шешімдері негізінде мәжбүрлі түрде жүзеге асырылуы мүмкін. Заңда адал сатып алушыларды қорғау тетіктері көзделген.
Серік Селеубайұлы
