Қостанай облысында шегірткеден қауіп сейілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында шегірткеден қауіп сейілді

10.07.2023

Қостанай облысында шегірткеден қауіп сейілді. Жағдайды бақылау үшін өңірге арнайы іссапармен барған ауылшаруашылығы министрі осылай деп мәлімдеді. Министрдің сөзін шаруалар да растап отыр. Осы уақытқа дейін облыста зиянкестерге қарсы 300 мың гектарға жуық жерге химиялық өңдеу жүргізілген.

Егістікке шегіртке қаптағанын айтып он күн бұрын Жангелдин ауданының шаруалары дабыл қаққан еді. Көп ұзамай зиянкестер Наурызым ауданына жайыла бастады. Бір шеті Амангелді ауданындағы Қарасу ауылының аумағына жетті. Шаруалар ала жаздай киіктен қорыған егісті енді шегіртке отап кете ме деп алаңдаулы.

Сағадат Дәуғарин, шаруа:

Алқапқа киіктер қайта-қайта түсіп кетіп жатыр. Қорыған болып жатырмыз. Бірақ маза бермей тұр. Ал шегірткенің шеті бізге де келіп жатыр. Аумақтық инспекция жұмыс істеп жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мекемелер қауіптің алдын алу үшін шұғыл әрекетке кірісті. Зиянкестерді улауға 31 жерүсті техникасы мен 3 ұшақ және 6 дельтаплан тартылды. Соның арқасында шегірткенің әрі қарай таралуының жолы кесілді.

Василий Куц, шаруа:

Біз шегіртке ұшып келе бастағанда бірден аумақтық инспекцияға хабарладық. Олар жылдам әрекет етті. Зиянкестер түскен аумаққа химиялық өңдеу жүргізілді. Соның арқасында егінімізге шегірткеден зиян келген жоқ.

Жағдайды көзбен көру үшін облысқа Ауыл шаруашылығы министрі келді. Оның айтуынша, облыс бойынша зиянкестер тек 500 гектар алқапты отап кеткен. «Бұл жалпы егістіктің 1 пайызына жетпейді. Қазір шегірткеден қауіп толық сейілді»,-дейді министр.

Ербол Қарашөкеев, ҚР ауылшаруашылығы министрі:

Бірде бір гектар енді шегірткеден зардап шекпейді. Техника, мамандар, улайтын дәрілер жеткілікті. Енді біз алдағы жылға зерттеу, болжау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Соның нәтижесі бойынша келешекте атқарылатын жұмыстарды белгілейміз.

Ал киіктің кесірін жергілікті жұрт Мәжіліс депутатымен болған кездесуде көтерген. Мәжілісмен бұл түйткілді назарда ұстап отырғандарын жеткізді.

Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Үкіметке киікке байланысты бірнеше дүркін сауал жолдадық. Бұның санын реттеу керек. Киікті атуға рұқсат берілуі керек.

Алайда киік аулау қанды қасапқа айналмай, құзырлы орындардың бақылауымен жүзеге асуы тиіс дейді» депутат. Қалайда ақбөкендердің санын шектемесе, оның соңы үлкен зардаптарға соқтыруы мүмкін.


Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу