Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты 7 шілдеден бастап толық жұмыс режіміне көшеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты 7 шілдеден бастап толық жұмыс режіміне көшеді

05.07.2023

Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты 7 шілдеден бастап толық жұмыс режіміне көшеді. Қондырғыларды жаңғыртуға 4,9 млрд теңге бөлінеді. Айта кетейік, МАЭК-тегі №1 энергетикалық блок 2 күн бұрын апатты жағдайда тоқтап, салдарынан Маңғыстаудағы ірі мұнайкомпаниялары мен Атырау өңірі, ондағы өнеркәсіптік нысандар жарықсыз қалды. Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ақтаудағы стратегиялық нысандағы жөндеу жұмыстарын көрді.

Ақтау қаласы мен бірнеше елдімекенді электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ететін энергокомбинат қондырғыларының 80% пайызы қазір тозып тұр. Биыл өңір бюджетінен 2,6 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы электр станциясы мен теңіз суын тұщытатын жабдықтарды жаңалауға жұмсалуда. Ал, бүгін апат болған блокты жөндеу жұмыстары басталды. 7 шілдеде толық жұмыс режиміне көшеді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

4,9 млрд теңгені бөлу мәселесін шешім қабылдадық. Осы қаражатқа осы энергетикалық жабдықтар жаңғыртылатын болады. Енді әкімдіктің жұмысы және осы мекенің менеджментінің жұмысы осы қаражатты тез арада тиімді пайдаланып, жабдықтарды жаңғыртып, және осы Маэктің жұмысын тұрақты түрде қамтамасыз ету.

Бұдан соң Премьер-Министр «Каспий» су тұщыту зауытына барды. Тәулігіне 23 мың шаршы метр су шығаратын кәсіпорынды модернизациялаудың ІІ кезеңі жүріп жатыр. Қазір құрылыстың 80 пайызы орындалған. Бірақ, жобаны аяқтау үшін шамамен 5 млрд теңге қажет.

Нұрлыбай Аққұлов, зауыт директоры:

Осы жаздың ішінде барлық технологиялық жабдықтарының келуі күтілуде. Әлемнің әртүрлі мемлекеттерінен келеді. Жасаушы зауыттарға барлық тапсырыстар беріліп, олар дайындап басы келіп жатыр. Қаражаттың жетпеуі мәселесі бар. Соны Үкімет басшысына біз айттық. Қазір жетпейтін 5 млрд теңгесін бөлуге қолдау көрсететінін айтты.

Бұған дейін су тұщыту зауытының қуатын арттыру жобасына республикалық бюджеттен 12 млрд теңге бөлінген. Бүгінде соның 8 млрд теңгесі игерілді.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Облыста ауыз су тапшылығы - басты мәселе. Каспий су тұщыту зауытының өнімі жеткіліксіз. Сондықтан, модарнизация жұмыстарын уақытында аяқтау өте маңызды. Егер жоба жоспарға сай биыл күзде іске қосылса, зауыттың қуаты 2 еселеніп, тәулігіне 40 мың текше метр су өндірмек. Сол кезде 180 мыңнан аса халқы бар Мұнайлы ауданы мен Қарақия, Түпқараған ауданындағы ауыз су тапшылығы жойылады дейді, мамандар.


Хабарламаларға жазылу