«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жаңа маусымда жаңа тарихи туынды ұсынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жаңа маусымда жаңа тарихи туынды ұсынады

01.07.2023

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының көрермендеріне жаңа маусымда тағы екі жаңа тарихи телехикая жол тартпақ. Тарихи сериалдың бірі «Ерте көктем» деп аталады. Яғни, ол енді ғана қалыптасып келе жатқан тұтас лек қазақ зиялыларына арналған. Ал «Парыз» атты екінші хикая ұлт алдындағы қарызы мен борышын түгендеуге ұмтылған буынға арналған.

Түсірілімі дәл бүгін басталған «Парыз» телехикаясында 1980-90 жылдардағы қазақ журналистикасы мен әдеби ортасының ахуалы көрсетіледі. Туындыда Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Оралхан Бөкей, Жарасқан Әбдірәшев, Сағат Әшімбаев күрескер азаматтардың ұлтқа сіңірген еңбегі баяндалады. 6 бөлімнен тұратын телехикаяда «Желтоқсан оқиғасындағы» тілшілер тобының ерлігі де паш етіледі.

Айдын Сахаман, «Парыз» сериалының режиссері:

1986 жылы желтоқсан айында болған оқиғаны, телевизия мамандары басынан қандай оқиға кешкенін сол кезде қандай функция атқарғанын, қандай ерлікке барғанын осы сериалдың оқиғаларында көруге болады. Негізі «Желтоқсан оқиғасы» телевизия форматында сериал форматында әлі көрсетілмеген. Бұл алғаш рет.

Жаңа маусымда көрерменге көгілдір экран арқылы жол тартатын «Ерте көктем» деп аталатын тарихи телехикая ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ мәдениеті мен руханиятының даму кезеңін суреттейді. Аталған тарихи кезең сериалда мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-тарихшы Санжар Асфендиаровтың, қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі Гүлсім Асфендиарованың, дәрігер-ғалым Халел Досмұхамедовтың, академик Орымбек Жәутіковтың өмір жолы мен қилы тағдырлары арқылы көрініс табады.

Сериалда Санжар Асфендияров рөлін сомдайтын Дулыға Ақмолда, тарихи тұлғаның ұлт үшін жасаған еңбегі мен ерлігін көрген көрерменнің толқымауы әрі шабыт алмауы мүмкін емес дейді. Туынды қазақ даласындағы алғашқы жоғары оқу орнының ашылу кезінен басталады.

Дулыға Ақмолда, кино және театр актері:

Сталинмен кездесуі Санжардың, Голощекинмен сахнасы, одан кейін шыр-пыр болып Агро универиситетті қазіргі, медицина академиясын, педагогикалық институтты Абай атындағы осыларды ашу барысында ол кісінің еңбектері көрсетіледі. Мұндай тұлғаларды сахналау жалпы актер үшін өте қиын нәрсе. Енді оны мен сезініп жатырмын.

Қазақ мәдениеті мен руханиятының даму кезеңін суреттейтін қос телехикаяда да өркениет көшіне ілесуі үшін барын салған бір ғана тұланы емес, сол кезеңдегі интеллигенция өкілдерінің бір тобын қамтуға тырысқан.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу