Еуропа жұртшылығы қазақтың дәстүрлі музыкасын дәріптеп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа жұртшылығы қазақтың дәстүрлі музыкасын дәріптеп жүр

01.07.2023

Қазақтың қара домбырасын бүгінде жаһан жұрты да жақсы біледі. Сыңғырлаған қоңыр үніне қызығып, қазақтың ұлттық аспабында еркін ойнай білсем деушілер көп. Домбыра тартуды ғаламтордан үйренген еуропалықтар байқауларда бағын сынап, тіпті жеке концерт беріп жүр. Қарт құрлықтағы домбыра сүйер қауыммен әріптесім Нұрсұлу Қасым тілдесті.

Бұл – Еуропа жұртшылығына қазақтың дәстүрлі музыкасын дәріптеп жүрген Герман. Украин жігіті салалы саусақтарының арасынан күмбірлеген күйді төкпелеткенде еуропалықтар сілтідей тынады. Қазақтың сыбызғысы мен шаңқобызының үнін қарт құрлықтағылар алғаш Германның концертінен естіпті. Музыканттың бағын ашқан да осы ұлттық аспаптар.

Герман Попов, музыкант:

Мен 90-жылдары ғылыми экспедициямен Қазақстанға бардым. Сонда домбыраның үнін алғаш естіп, ғашық болдым. Бірнеше түрін сатып алып, ойнауды үйрендім. Қазақтың ұлттық аспаптары, дәстүрлі музыкасы керемет. Соны сақтап қалу үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек.
Домбыра десе ішкен асын жерге қоятындардың бірі – түрік жігіті Фуркан. Ол қос ішекті аспапта ойнауды ғаламтордан 6 ай ішінде үйренген. Қазір Бельгияда өтетін музыкалық шараларда домбырамен ән-күй орындап, көптің ықыласына бөленіп жүр.

Фуркан Агметоглу, музыкант:

Домбыраны не үшін үйрендің деп сұрайды бәрі. Домбыра – біздің ата-бабамыздың ұлы мұрасы. Осы мұраны ұрпақтан ұрпаққа аманат етуіміз керек. Өзім шертпе күйдің шебері болсам деймін.
Фурканның тағы бір арманы-қазақ тілін жетік меңгеру. «Талаптанғанға тіл үйрену түк емес»-дейді Дәуіт Шомфай. Қазақша мақалдатып сөйлегенде сіз бен бізді шаң қаптыратын мажар ғалымы қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын зерттеді. Енді музыкасына терең бойласам деп, домбыра үйреніп жүр.

Дәуіт Шомфай Қара, мажар ғалымы:

Қазақтар – біздің Венгриядағы қуман қыпшақтарының бауырлары. Бауырлас ел. Қазақстан адам танымастан өзгеріп келеді. Барлық жағынан дамып келе жатқаны біз үшін үлкен қуаныш.
Дәуіт Шомфай қазақтың жыр,термелерін жатқа айтсам дейді. Кәсіби музыканттан дәріс алғысы келетін Дәуіт пен Фурканға Герман көмектесуге әзір. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра»деп мақалдатқан үш жігітті қарт құрлықта табыстырған да осы қазақтың киелі аспабы.


Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу