Түркістан облысында кенеден келетін кесел өршіп тұр. Оңтүстік аймақта зиянкестерден зардап шеккен 6 адамнан Конго-Қырым қанды безгегі анықталған.
Соңғы жағдай Кентау қаласында тіркелді. Кене шаққан тұрғын өзін жайсыз сезініп, үш күннен кейін дәрігерге қаралған. Қазір науқас ауруханаға оқшауланып, аурудың белгілері зертханалық жолмен тексерілуде. Жаз айларында қора-қопсыда, далалық жерде жұқпалы ауру тасымалдайтын зиянкестер көп кездеседі. Жалпы жыл басынан бері облыста 842 адамды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген. Соның 37-сі Конго-Қырым гемморагиялық қызбасына күдікті ретінде тексеріліп, алтауының қатерлі кеселге шалдыққаны расталды.
Нұрбек Нышанов, Түркістан облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
Қазіргі таңда 6 жағдайда тіркеліп отыр. Оның ішінде Ордабасы ауданында, Түркістан қаласында, Сауран ауданында екі жағдай. Міне, кешегі күні Төлеби ауданында тіркеліп отыр. Қарым-қатынаста болғандардың бәрін анықтап, барлығына медициналық бақылау жүргізіліп жатыр.