Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс елдері жариялаған санкциялардың сақталуына қатысты пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс елдері жариялаған санкциялардың сақталуына қатысты пікір білдірді

25.06.2023

Германия Президентімен келіссөз жасаған соң Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы соғысқа қатысты Қазақстанның ұстанымын тағы да айқындап, Батыс елдері жариялаған санкциялардың сақталуына қатысты пікір білдірген. «Біз, ең алдымен, Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелері мен нормаларын басшылыққа аламыз. Сондай-ақ халықаралық нарықта қабылданған барлық ережені сақтаймыз. Ал екі мақсатта қолданылатын тауарлардың Ресейге экспорты туралы айтар болсақ, бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Өйткені, жаңа ғана айтқанымдай, біз ДСҰ ережесін және Еуропалық Одақ жариялаған барлық санкция талаптарын сақтаймыз. Әйтсе де, Ресеймен сауда-саттық жасаймыз. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 28 миллиард долларға жетті. Бұл қолданыстағы халықаралық стандарттарға толық сай келеді».-деді. Еуропалық саяси элита мұндағы месседжді түсініп отыр деген ойдамыз. Географиялық орнымыз бен тарихи байланыстарымызды өзгерте алмаймыз ғой...

Қайрат Беков, «Аймақтық мәселелерді талдау» ҒЗО сарапшысы, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ:

Олар бұрынғы, Украинадағы қақтығысқа дейінгі, сауда-саттық деңгейінде және сауда-саттық номенклатурасы бойынша жалғаса берсе оған қарсы ешнәрсе жоқ. Бірақ егер Қазақстан Үкіметі емес, жекеменшік компаниялар осы санкцияларды айналып өту немесе санкцияларды бұзу әрекеттерін жасайтын болса, онда ЕО белгілі бір шараларға баруға міндетті болады. Еуропалықтар ақымақ емес. Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастардың қандай екенін жақсы түсінеді.


Хабарламаларға жазылу