Қазақ-неміс қатынасы: 9 келісімге қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-неміс қатынасы: 9 келісімге қол қойылды

20.06.2023

Қазақ-неміс қатынасы жаңа деңгейге шықты. Бүгін екі елдің басшылары Астанада 9 келісімге қол қойып, сауда, экономика, инвестиция, энергетика, көлік және логистика салаларын жандандыруға уағдаласты. Бүгін Ақордада таңнан бері қарбалас. Елімізге мемлекеттік сапармен келген Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайерді қарсы алу рәсімі өтті. Қарауыл, оркестр, әнұран. Мәртебелі мейманға протоколға сай барлық сый-құрмет көрсетілді.

Досжан Маратұлы, тілші:

Германияның федералды президенті Қазақстанға Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келіп отыр. Бұл оның елімізге жасаған алғашқы сапары емес. Тараптар бұған дейін Германияда да кездескен. Енді ынтымақтастықды одан әрі дамыту жайын Астана төрінде талқыламақ.

Екі елдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына биыл 31 жыл. Байланыс сан салада беки түсті. Қазақстан - Германияның Орталық Азиядағы негізгі экономикалық әріптесіне айналды. Тіпті Германияның Орталық Азия елдерімен алыс-берісінің 83 пайызы біздің елге тиесілі. Былтыр екіжақты сауда-саттық 10 миллиард доллар болды. Ендігі мақсат – соны еселеу.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздің сапарыңызды асыға күттік. Бұл сапар Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін беру үшін өте маңызды. Түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Франк-Вальтер Штайнмайер, Германияның Федералды Президенті:

Астанаға арнайы шақырып, қазақ халқына тән қонақжайлық көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын. Біздің дипломатиялық қарым-қатынасымыздың барлық салада қарқынды дамып келе жатқаны қуантады.

Байланыс бекитін саланың бірі энегетика. Қазір геосаяси ахуалға байланысты Германия мұнай-газға тәуелді болып отыр. Сондықтан Қазақстан қара алтын экспортын арттыратын болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан Германия экономикасын энергиямен және қажетті шикізатпен тұрақты қамтамасыз ете алады. Бұл қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық кезеңде аса маңызды. Германия тарапының өтініші бойынша Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына Қазақстан мұнайын жөнелту – соның нақты мысалы.

Десе де, шикізат сатып отыра беруге болмайды. Қазақстанға дамыған Германияның озық технологиясы қажет. Осы мақсатта Маңғыстауда жасыл сутегі өндіретін зауыт салу туралы келім жасалды. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 50 миллиард доллар. Тіпті кәсіпорынға қажетті мамандарды елімізде даярлау үшін Ақтауда Қазақ-неміс инжиниринг институты ашылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жобалар екі елдің студенттері мен мамандары арасында тәжірибе алмасуға жол ашады. Экономиканы, өндіріс саласын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Көлік-логистика саласының да әлеуеті зор. Осы орайда президент Транскаспий халықаралық көлік бағытын пайдалануға шақырды. Шығыс пен Батысты жалғайтын дәліз арқылы былтыр 2 миллион тоннаға жуық жүк тасымалданған. Батыс демекші, президент «Қазақстан Ресейге санкциядағы тауарларды экспорттап отыр» деген алып-қашпа сөздерге қатысты да былай пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Өйткені, жаңа ғана айтқанымдай, біз ДСҰ ережесін және Еуропалық Одақ жариялаған барлық санкция талаптарын сақтаймыз. Әйтсе де, Ресеймен сауда-саттық жасаймыз. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 28 миллиард долларға жетті. Бұл қолданыстағы халықаралық стандарттарға толық сай келеді.

Жалпы Штайнмайердің Қазақстанға жасаған сапары аясында уағдаластықтар аз емес. Геологиялық барлау, тау-кен өнеркәсібі, өнеркәсіп саласында да байланыс арта түспек. Бастысы келісімдерді уақтылы жүзеге асыру. Бұл екі ел қатынасын жаңа деңгейге шығаруға сеп деді Президент.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу