Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде Мағжан Шамшадин чемпион атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде Мағжан Шамшадин чемпион атанды

16.06.2023

Астанада өтіп жатқан дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде қазақстандық татами шебері Мағжан Шамшадин чемпион атанды. 60 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған жерлесіміз жарысты екінші айналымнан бастады. Алғашқы кездесуінде Әзербайжан спортшысынан айласын асырды. Одан кейін Өзбекстан өкілін иппон ұпайымен жеңіп жартылай финалға өтті. Ал финалдың жолдамасы сарапқа салынған белдесуде тәжікстандық дзюдошыдан басым түсті. Алтын медаль үшін болған кездесуде франицялық спортшыны тізе бүктірді. Сондай-ақ 66 келіге дейінгі салмақта Ғұсман Қырғызбаев ел қоржынына күміс жүлдені салды. Ол бірінші кездесуін жеке бейтарап спортшылар сапынан шыққан Әлем чемпионы Яго Абуладзені жеңіп, алдыңғы жарыста кеткен есесін қайтарды. Одан соң Біріккен Араб әмірліктері өкілін сенімді түрде ұтып, ширек финалда әзірбайжандық дзюдошыдан айласын асырды. Жартылай финалда Ғұсман өзбек балуанын жеңді. Финалда әлемдік рейтингті 26-орында тұрған Испания өкілінен жеңіліп қалды.

Бұдан бөлек, әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Ғалия Тынбаева медальға бір табан жақын болды. Алғашқы кездесуінде Бельгия спортшысын жеңіп, ширек финалдың жолдамасы үшін белдесуде өзбек қызына есе жіберген болатын. Ал жұбаныш белдесуінде португалиялық дзюдошыны жеңіп, үшінші орынға таласта бейтарап ту астында қатысқан спортшыдан жеңіліп қалды.

Ғалия Тынбаева, дзюдошы:

Соңғы белдесуде қателік жібердім және де қарсыласымның артынан жүрген едім. Содан кейін ол бірінші кіргеннен құлап қалдым. Ол менің ғана қателігім, соған өзім ғана жұмыс істей аламын, әрі қарай бұдан қателік қайталанбайтындай.

Хабарламаларға жазылу