Қазақстан мен Вьетнам визасыз режим орнатпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Вьетнам визасыз режим орнатпақ

15.06.2023

Елімізге Вьетнамнан келетін туристер саны еселеп артуы мүмкін. Өйткені Қазақстан Оңтүстік Шығыс Азиядағы бұл елмен визасыз режим орнатқалы жатыр. Соның арқасында сауда-саттық көлемі артып, елімізге жылына ондаған мың турист келеді деп жоспарланып отыр.

Досжан Маратұлы, тілші:

Вьетнам. Оңтүстік шығыс Азиядағы социалистік мемлекет. Туризм мұнда табыс әкеліп отырған негізгі салалардың бірі. Бірақ елге кіру үшін міндетті түрде виза қажет. Десе де ол жақында алынып тасталуы мүмкін. Өйткені Қазақстан мен Вьетнам визасыз режим орнатпақ.

Мұның екі елге де берері мол. Ең әуелі туризм дамиды. Сөзсіз, Вьетнам жылына миллиондаған турист келетін табиғаты бай мемлекет. Таулар, аралдар, теңіз, арзан шопинг әрі тарихы да қызықтырмай қоймайды. Бірақ бізге қазақстандықтардың Вьетнамға емес, вьетнамдықтардың қазақ жеріне саяхаттап келгені керек.

Ерлан Байжанов, ҚР Вьетнам социалистік республикасындағы елшісі:

Осы салада көп жұмыс істеуіміз қажет. Вьетнамда 100 миллион халық тұрады. Байлары тым бай, өркендеген адамдар. Көбірек қыдырады. Сондықтан бұл перспективалық сегмент туризм. Меніңше Қазақстандық туркомпаниялар қызықтайды.

Десе де туризмді дамыту үшін визаны алып тастау ғана жеткіліксіз. Вьетнамдықтар Қазақстан жайлы біліп, оның мәдениеті мен тарихына қызығуы керек. Міне елшілік қазір осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Мәселен, жақында «Көшпенділер» фильміне дубляж жасалып, Ілияс Есенберлиннің тарихи эпопеясы Вьетнам тіліне аударылды. Оны тәржімалаған тарихшы Қазақстанға қыдырып келгісі келіп жүр.

Нгуен Ван Чиен, аудармашы, тарихшы:

Менен Қазақстан жайлы сұрап жатқан оқырмандарым көп. Кітапқа сұраныс та артып келеді. Оның үстіне қазір Немат Келімбетовтың шығармаларын да вьетнам тіліне аударып жатырмын. Осы кітаптарды оқыған отандастарымның Қазақстанға қызығушылығы арта түсері сөзсіз.

Визасыз режим алыс берісті де арттыра түседі. Былтыр екі ел арасындағы сауда айланым 525 миллион долларға жеткен. Біз Вьетнамнан телефон, микрофон, шаңсорғыш секілді электр тауарларын аламыз. Қорғасын мен темір сатамыз. Енді алдағы жылдары экспортты ұлғайту арқылы сауда көлемін екі есе көбейту көзделген.

Хоанг Ван Нгия, саясаттанушы:

Қазақстан біз үшін маңызды сауда серіктесі. Стратегиялық жағынан да елдеріңіздің рөлі ерекше. Өйткені Қазақстан Орталық, Шығыс Азия мен Еуропаға жол ашады. Сондықтан біз қарым-қатынасымызды арттыруға мүдделіміз.

Вьетнам да Қазақстан үшін маңызды стратегиялық серіктес. Өйткені экономикасы өте жоғары қарқынмен дамып жатқан ел. Былтыр жалпы ішкі өнімі бірден 8 процентке өскен. Сондықтан тығыз байланыс орнату тек табыс әкелмек.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу