БҚО-да миллиардтаған бюджет қаржысына салынған теннис кешені сенімгерлік басқаруға берілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да миллиардтаған бюджет қаржысына салынған теннис кешені сенімгерлік басқаруға берілмек

13.06.2023

Батыс Қазақстан облысында миллиардтаған бюджет қаржысына салынған теннис кешені сенімгерлік басқаруға берілмек. Бірақ бұған дейін жекеге берілген бірнеше әлеуметтік нысан дұрыс күтіп-ұсталмай, азып-тозып, мемлекетке кері қайтарылды. Әлеуметтік, сондай-ақ стратегиялық нысандарды сенімгерлік басқаруға беруге депутаттар қарсы. Мәселе қалай шешіледі?

Теннис орталығы сенімгерлік басқаруға беріледі дегенде депутаттар дүр көтерілді. Спорт нысаны тоғыз жыл бұрын 1,6 млрд теңге қазына қаржысына салынды. Мұнда теннистен облыстық олимпиада резервінің балалар мен жасөспірімдер мектебі бар. Қазір 184 бала тегін жаттығады.

Ербол Салықов, облыстық мәслихат депутаты:

Қарашығанақ кен орнының облысқа әлеуметтік жобаларға бөлінетін қаржысына салынған обьект. Жекеменшікке берілетін болса, әрине, кім кепілдік береді, ертең мұның төлемдерінің өспесіне, болашақта балалардың қатысуына мүмкіндіктің тарылмайтынына?

Ал спорт басқармасы теннистің өте қымбат спорт түрі екенін алға тартады. Әрі салада маман тапшы. Бапкер тұрақтамайды. Талапқа сай теннис корты бола тұра, өңірден бірде-бір чемпион шыққан жоқ. Ең зоры, сенімгерлікке берілсе де, нысанның мемлекеттен қаржыландырылатынын депутаттар түсінбей дал.

Тұрарбек Тілемісов, облыстық мәслихат депутаты:

Сонда біз 1,1 млрд теңге ақша беріп тұрып, өзіміз басқара алмаймыз ба?! Мен соны түсінбей отырмын. Оны неге біз салып-салып, жұртқа үлестіріп, қолдарына ұстатып жібереміз, 50 млн теңге ақша салды екен деп?!

Басқарма басшысы бюджет қаржысы спорт мектебін ұстап тұруға бөлінетінін айтады. Оның дені 70 қызметкердің жалақысына кетеді.

Қаймен Есендияров, БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Өте білікті маман керек. Білікті маман 200 мың жалақыға бізге келмейді. Ғимарат 9 жыл бұрын жаңа болды, қазір жылдан жылға ескіріп келе жатыр. Оны ұстап тұру керек. Мемлекеттің қаражаты жетпегендіктен, спорттық ғимараттарды жеке кәсіпкерлерге 5 жылға сенімгерлікке беруге мүмкіндік бар. Ал тегін қатысып келе жатқан балалар әлі де тегін қатысады.

Бұған қоса 20 жылдан бері жөндеу көрмей, азып-тозып тұрған «Ақжайық» және Атоян стадиондары жекеге өтуі мүмкін.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Алайда бұдан бұрын сенімгерлік басқаруға берілген "Жастар" стадионы мемлекетке кері тапсырылды. Мұз сарайында да шорт-трекшілер жаттығуға уақыт таба алмай, шу шықты. Сондай-ақ, өңірлік электр желілері компаниясы, Батыс су арнасы, колледж, емханалар да кәсіпкерлерге берілгенімен, дұрыс күтіп-ұсталмады. Баспахана үйі, балалар ауруханасы жекеге өтіп, қазір облыс әкімдігі бұл ғимараттарды кері жалға алып отыр. Биыл халықаралық әуежай терминалы да сенімгерлік басқаруға берілді.

Жантас Сафуллин, заңгер:

Бұл нысандардың мемлекет меншігінде болғаны дұрыс деп санаймын. Бұл жерде бір мәселе бар. Қаржыландыру жүйесі, екінші - қызметкерлердің жалақы мәселесі. Осы екі мәселені заңның шеңберінде шешу мүмкіндігі бар. Сондықтан оның құқықтық мәртебесін өзгерту бағытында облыс әкімдігі басқармалар мен министрліктер бірігіп, парламент мәжілісінің депутаттарымен бірлесе жұмыс істесе, мұны жолға қоюға болады.

Әзірге мәселе облыстық мәслихатта талқыланып жатыр. Егер депутаттардың дені қарсы болса, теннис орталығын сенімгерлік басқаруға алам деген кәсіпкермен келісімшарт бұзылады.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу