Еуропа елдері міндеті әскери қызметті қайта енгізіп жатыр. Қазір қарт құрлықтың 8 мемлекетінде азаматтар үшін Отан алдындағы борышын өтеу-парыз. 1 шілдеден бастап бұл елдердің қатарын Латвия толықтырмақ. Ел парламенті «мемлекеттік қорғаныс қызметі» туралы заңды қабылдады. Соған сәйкес, 18 бен 27 жастағы ер азаматтар әскерге баруға міндетті.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Екі мыңыншы жылдардың басында қарт құрлықта демилитаризация процесі басталды. Міндетті әскери қызметтен алдымен Франция, Испания, араға тағы 1-2 жыл салып Еуропаның өзге елдері де жаппай бас тартты. Бірақ, бұл асығыс жасалған шешім екенін мойындап 2015 жылы Литва мен Швеция әскерге шақыруды қайта жаңғыртты. Сол жылы Австрия мен Швейцарияда референдум өтіп, халықтың басым бөлігі міндетті әскери қызметке дауыс берген.
Қазір осы 4 елде және Дания, Эстония, Грекия мен Норвегияда Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу-парыз. Кәмелеттік жасқа толған даниялықтар әскерде 4 ай, ал эстондықтар 11 ай болуы тиіс. Скандинав елдерінде Отан алдындағы борышын 19-дан 45-жасқа дейін өтеуге мүмкіндік берілген. Бас тартқандар бір жылға түрмеге тоғытылады. Норвегия мен Швецияда әскерге қыздар да қабылданады.
Эмма Гримсбу, сарбаз:
Отан қорғаудан қашатын жігіттерге үлгі көрсеткім келді. Бізді мұнда нәзік жандылар деп ешкім аяп жатқан жоқ. Темірдей тәртіп бәріне ортақ. Өзіме әскерде жүрген қатты ұнайды.
Міндетті әскери қызметтің кемшілігінен гөрі жетістігі басым екенін Батыс елдерінің басшылары соңғы кезде жете түсінгендей. Франция президенті Эммануэль Макрон мен Германияның консервативті партиясының өкілдері жастарды әскерге шақыруды қайта жандандыру қажеттігін жиі айта бастады. Себебі бақуатты деген Еуропа елдерінің өзінде келісімшарт негізінде істейтін әскерилерді қаржыландыру жылдан-жылға проблемаға айналып барады.
Мартин Лейнс, әскери сарапшы:
Әскерге міндетті шақыру жастардың патриоттық сезімін, жауапкершілігін арттырады. Қазір Бельгияда да көп адам осы міндетті әскерге шақырғанын қалайды. Төтенше жағдай бола қалған жағдайда ер азаматтар Отанын қорғауға дайын болуы керек.
Міндетті әскери қызметті қолдайтын топ өкілдері балама ретінде, әскерге барғысы келмейтіндерді бір жыл міндетті түрде аурухана, басқа да әлеуметтік мекемелердің жұмысына жұмылдыруды ұсынуда. Жоба авторлары бұл қарт құрлықтағы жұмыссыздық мәселесін шешуге және Еуропа жастарының қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді деген үмітте.
Нұрсұлу Қасым