Президент: Қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетіледі

11.06.2023

Президент қаза тапқандардың отбасыларына қаржылай да, өзге де көмек көрсетілетінін айтты. Ал Абай облыстық Полиция департаменті 14 орманшының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Кінәлілер 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал өрттің шығу себебі әзірге белгісіз. Төтенше жағдай хронологиясы мен президенттің қара жамылған отбасы мүшелерімен кездесуін Елдос Есенбол баяндайды.

Мемлекет басшысы алдымен тікұшақ арқылы өртенген аймақты аралап көрді. Кейін тілсіз жаудан қаза тапқандардың жақындарымен кездесті. Қазаға ортақтасып, көңіл айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен сіздерге көңіл айту үшін арнайы келдім. Екіншіден, жан-жақты көмек көрсетілетінін айтуға келдім. Қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі. Балалар балабақшаға, жоо-ға орналастырылады – бәрі орындалады. Мен, әрине, сіздермен біргемін. Сіздер – еліміздің азаматысыздар.

Бірақ, азаматтардың бақиға аттанған жақындарын ешкім қайтарып бере алмайды. Сондықтан әу бастағы басшылардың салғырттығына қапалы.

Дегенмен бұл орман басшылығының жалғыз былығы емес екен. Тозған техника, жүрмейтін көлік, жауапсыз басшы осылай тізбектеліп кете береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл барлық атқарушы мемкемнің қылмыстық салғырттығы. Министрлік және басқа да тиісті органдар апаттың ауқымы бойынша қате болжам жасаған. Шұғыл шаралар қабылдап, өртті сол жерде өшіруі, кем дегенде оқшаулауы керек еді. Оны істемеген. Жағдайға салғырт қарады, біліктілік танытпады. Барлығы жазаланады

Артынша Президент Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді. Жиын бір минут үнсіздікпен басталды. Жағдайды ушықтырып алған облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс берді. Жаттанды статистиканы оқи жөнелген вице-министрді тоқтатты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өрт бүкіл әлемде болады, бірақ ол жақта тиісті шаралар қабылданады. Министр келмеді, облыс әкімі тым баяу қозғалды, орынбасарларын жіберді. Жұмысқа деген қандай қарым-қатынас?! Осы жөнінде есеп беріңіз! Нақты сұрақ – неге қате болжам жасалды?

Осындай оқыс оқиға кезінде іс-әрекет алгоритмі болу керек деді президент. Орманшылардың техникасы да сақадай сай болуы қажет. Қазір орман және дала өртін ерте анықтап, алдын алу жұмыстары реттелмеген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен өңірлердің әкімдері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп:
– өрт ошақтарын ерте анықтаудың цифрлық жүйелерімен жабдықтауы, өртті бейнебақылау және мониторинг жасау жүйелерін енгізу шараларын қабылдауы керек;
– мұндай жүйелерді енгізгенге дейін орман алқабын авиация арқылы және жерден бақылау, сондай-ақ өрт қаупі жоғары кезеңдерде «ұшқышсыз ұшатын аппараттарды» қолдану жиілігін арттыруы қажет.

«Семей орманы өртеніп жатыр» деген ақпарат алғаш 23 мамырда шықты. Қызыл жалынның бастауы Ресейдің Алтай өлкесінде қураған шөптің тұтануынан деген. Алғашында өртті сөндіруге 100 бірлік техника мен 400-ден астам адам жұмылдырылған еді. Екі күнде ырық бермеген қызыл жалын аумағы 3500 гектарға дейін жетті.

Осыдан кейін Семейдің өрті саябырсығандай еді.Бірақ маусымның сегізінде қызыл жалын қайта тұтанды. Бір күнде өрттің аумағы 30 мың гектарға дейін жетті деген ақпар тарады. Өңірде төтенше жағдай режимі жарияланды. Орман өрті Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді жұмыссыз қалдырды.

Ильин Төтенше жағдай министрі болған үш жылда Қазақстанда 30 мың оқыс оқиға болыпты. Салдарынан 3 мыңдай адам қаза тапқан. 200 мыңдайы зардап шеккен. Қостанай облысындағы алапат қызыл жалынды ел ұмыта қойған жоқ. Оқыс оқиға былтыр қыркүйектің екісінен сегізіне дейін жалғасқан. Сол кезде 43 мың гектардан астам жер жанып кеткен еді. Оның 35 мыңы орман аумағы. Аманқарағай, Озерное ауылдары зардап шеккен. 91 үй, 4 шағын бизнес нысаны, 5 шаруа қожалығы, 122 бас мал басы жанып кеткен. 1адам қаза тауып, 11 адам зардап шекті. Шығын көлемі 4 миллиард теңгеге бағаланды. Экологтар осы оқиғадан сабақ алмадық дейді.

Лаура Мәлікова, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы:

Ормандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей жауапты Экология министрлігі тиісті шараларды қабылдау керек еді. Былтырғы жылы Қостанай облысында орман өрті болғаннан кейін біз Президент әкімшілігіне толықтай шешімдердің барлығын жазып жібергенбіз. Дегенмен ол шешімдердің біреуінің де жүзеге аспағанын көріп отырмыз.

Бұл Семей орманындағы алғашқы өрт емес. 2018 жылы да осы аймақта қызыл жалын тұтанып 70 техника мен 300 адамды жұмылдырған. Сол кезде төтенше жағдайға соңғы 15 жылдағы ең үлкен өрт деп баға берген. Келтірілген шығын соммасы 78 миллион теңгеге бағаланған еді. Аймақтың қауіпсіздігіне жауапты «Семей орманы» мекемесі әзірге басшысыз. Өткен айдың соңында ғана мекеме басшысы 10 жылға сотталған. Оған екі сыбайласымен бірге пара алды, орман ағаштарын заңсыз отады деген айып тағылған.

Жалпы Қазақстанның шығысы ең өрт қауіпті аймақ болып саналады.Екі жыл бұрын Риддер қаласында өрт болып 270 гектар аумақты шарпыған. 250 миллион теңге шығын келіп, қызыл жалын қаланың маңына дейін жақындаған еді.

Былтыр сәуір айының сол кездегі Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин: «Аймақтардағы әр бесінші өртке қарсы техника тозған. Оқыс жағдай бола қалса іске жарамсыз» деген еді. Содан жарты жыл өтер өтпей Қостанайдағы алапат өрт болды. 43 мың гектар жерді шарпыған. Енді міне 9 ай салып 60 мыңға гектарға жайылған Семей өрті қайталанып жатыр. 14 адамның өмірін қиды, орманды күлге айналдырды.

Өткен айдың соңында ғана Үкімет резервінен осындай оқыс жағдайлар үшін 623 миллион теңге бөлінеді деген. Дәлірек айтқанда 26 су шашатын техника алуға. Тікұшақты да көбейтеміз деген. Ал, экологтар тек техниканы ғана емес, кадр мәселесін де реттеу керек дегенді айтады.

Лаура Мәлікова, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы:

Кадрлық саясатты экология мәселесіндегі жөнге келтіру керек. Оны мынау тек қана экологтар емес орман шаруашылығында жүрген мамандар да айтып жүр. Бұл экология деген еріккеннің ермегі емес. Әр салада өзінің мамандары жасау керек.

Бірақ ТЖМ барлық табиғи өрттің 90-95 пайызы адамның кінәсінен болады деп топшылайды. Яғни: сөндірілмеген темек, бөтелке сынықтары, қасақана өртеу т.б әрекеттердің соңғы оқыс жағдайға ұласуы мүмкін. Республика бойынша өрт қауіпті кезеңнің басынан бастап 168 орман өрті тіркелді, 746 дала өрті тіркелген.

Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу