Алаш жұрты Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға аттандырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алаш жұрты Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға аттандырды

11.06.2023

Бүгін Алаш жұрты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға аттандырды. Бекзат тұлғамен қоштасуға жиналған жұртта есеп жоқ. Қаралы жиынға Бердібек Мәшбекұлының туған-туыстары, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Күңіренген қобыз үні де асыл азаматты жоқтап тұрғандай... Алаштың анасы атанған Сыр елінің тумасы халқын қадір тұтып, елге қызметін қасиетке балады. Замандас-әріптестері, қоғам қайраткерлері арда тұлға туралы тебірене еске алды. Табанды еңбегі мен адами қасиеті жайлы жылы естеліктер айтты. Премьер-министр Әлихан Смайылов Президенттің көңіл айту жеделхатын жеткізді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Бердібек Машбекұлы ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыройлы атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын үлкен біліктілікпен жүргізе біліп, Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсіне қажыр-қайратын жұмсады.

50 жылға жуық ғұмырын елге қызмет етуге арнаған Бердібек Сапарбаев адалдық пен әділдікті ту етіп өтті. Ұстанымы бөлек тұлға ұлтжанды, талап қойғыш, қиын сәтте батыл шешім қабылдайтын іскер басшы ретінде есте қалды.

Темірхан Медетбек, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Орны толмас асыл азамат еді. Өзін өте бір қиын кездерде облысқа апарып тағайындайтын. Мәселен, ШҚО-да басқа ұлттар көп,ал қазақ шамалы жадау көріп, рухани байланысы болмай жүретін еді, Абай ескерткішін апарып қойды, мешіт ашты, оның бәрі жұрттың көз алдында. Бүкіл халық оған риза!

Бес өңірді абыроймен басқарған Бердібек Сапарбаев азаматтық қадір-қасиетімен, қарапайымдылығымен ел ішінде құрметке бөленді. Талай игі істің ұйытқысы болды.

Мұрат Бақтиярұлы, қоғам қайраткері:

Әкімдер көп қой, біреу келіп жатады, біреу кетіп жатады. Бірақ Бекеңның орны ерекше еді. Қазақстандағы әкімдер институтының эталоны деп айтар едім Бекеңді. Қай жерде болмасын, ел жақсы көреді. Таза әкім болды, артынан сөз ергізген жоқ.

Мемлекет және қоғам қайраткерін соңғы сапарына шығарып салуға жиналғандар «Елім», «жұртым» деп өткен арда азаматпен қимай қоштасты. Бекзат тұлға өзінің аманаты бойынша – Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу