Абай облысының тұрғындары қала ішінде орналасқан зауыттан зардап шегіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысының тұрғындары қала ішінде орналасқан зауыттан зардап шегіп келеді

08.06.2023

Абай облысы Аягөз қаласының тұрғындары да 20 жылға жуық қала ішінде орналасқан зауыттан зардап шегіп келеді. Тұрғындар кәсіпорынан шығатын шаңға тұншығып отыр. Өндіріс тұрғын үйлер, тіпті, білім мекемелерінің тура іргесінде орналасқан. Халық талайдан бері кәсіпорынды басқа жаққа көшіру керек деп құзырлы орындарға арызданған. Бірақ естір құлақ табылмапты. 2000-шы жылдардан бері жұмыс істейтін кәсіпорын мәрмәр тасын үгітіп, жол құрлысына қажет ұнтақ шығарады. Әсіресе, тұрғындар зауыттан бөлінген қою қара түтін қаланы түнімен тұмшалап тастайды дейді. Іргедегі тұрғын үйлермен қоса балабақша, мектеп пен балалар үйі орналасқан.

Мира Тұрғалиқызы, балабақшаның шаруашылық меңгерушісі:

Бізге балалардың денсаулығына зиян келтіреді. Шаң тозаң. Сосын кешкісін мен де мына жақта үйде тұратын. Кешкісін шаңнан көрінбейді ғой.

Бауыржан Есенаманов, Аягөз қаласының тұрғыны:

Демалу дегеннен қалдық. Мына жерде кешкі уақытта жел болмаған тұнық кезде тұман болып кетеді. Не кір жая алмайды енді.

Тұрғындар мәселені билік басындағыларға, жауапты мекемелерге айтып та, жазып та шаршадық дейді.

Ғани Бейсебаев, Аягөз қаласының тұрғыны:

Экологияға да жазып жатырмыз. Әкімге де, облыс әкіміне де арыздардың бәрін жібердік. Олар да тексереміз дейді. Тағы да тексереміз дейді.

100-ге жуық аягөздік нәпақасын тауып отырған кәсіпорынды қазір қала сыртына көшіруге мүмкіндік жоқ екенін айтады. Өндірістен шығатын шаң да адамға зиянсыз деп ақталды.

Нұрқайыр Смағұлов, зауыт басшысы:

Зиянды заттар шығарып жатқан жоқпыз. Шаң ғана бар енді. Шаңды кетіруге тырысып жатырмыз. Алдында ақша бөлінбеген болатын аспирацияға. Өзі ескі аспирациямен істеп тұрған. Қазір ескімен істеп тұрмыз. Бірақ енді шаңды азайтып тастадық.

Экология департаменті тексеру жүргізген. Нәтижесінде ондағы сүзгілердің дұрыс еместігін анықтаған. Оған қоса шығатын қалдықтардың құрамын зертханалық сараптамаға жіберген.

Мамай Бұтабаев, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

Шектен аспауы соны тексеріп жатырмыз. Егер шектен асатын болса, біз оларға бірнеше айыппұл саламыз. Біз зауытты тоқтату туралы сотқа ұсыныс түсіреміз.

Сараптама қортындысы бір аптадан соң белгілі болмақ. Осыған дейін де бірнеше рет тексеру жүргізіліп ақыры нәтижесіз қалғандықтан тұрғындар құзырлы органдарға да сенуден қалған. Сондықтан қаланың қақ ортасында санитарлық талаптарды бұзып тұрған зауытты қалайда алысқа әкетуді талап етіп етеді.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу