Қазақстан Еуразиядағы ірі әрі озық хабқа айналуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Еуразиядағы ірі әрі озық хабқа айналуы тиіс

08.06.2023

Технологиялық серпін беретін «цифрландыру» жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында Президент осылай деді. Қазіргі әлемдегі геосаяси ахуал жаһандық өсім мен тұрақтылыққа кедергі келтіруде. Алайда, кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндікке жол ашады. Бұл ретте цифрландыруды ұтымды пайланып, игілігін көруге басымдық беру қажет. Жеткізу тізбегінің бұзылуы, инфляцияның өсуі және сауда-саттық шектеулер жаһандық экономиканың дамуына кедергі келтіріп отыр. Осыған қарамастан, Қазақстан сыртқы жағдайларға бейімделіп үлгерді. 4 айда экономиканың нақты өсімі 5 пайызды құрады. Бұл бұған дейін болжанған орташа әлемдік көрсеткіштен үш есе көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр біз шетелден 28 млрд доллар көлемінде инвестиция тарттық. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Халықаралық рейтинг агенттіктері де Қазақстанның инвестициялық әлеуетін растады. Бүкіл әлемде протекционизмнің белең алуына қарамастан, ашық нарықтық экономикасы бар ел ретінде өз позициямызды нығайта түстік. Сыртқы сауда айналымы 32 пайызға өсіп,134 млрд долларға жетті.

Цифрлық интеллект индексіне сәйкес, Қазақстан цифрландыру қарқыны бойынша 20-орында. Президент экономикалық өсім туралы айтқанда, тек цифрларға емес, сапаға да мән беруіміз керек деді. Бұл ретте Қазақстанның басты мұраты – келешектің цифрлық экономикасына көшу.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

2022 жылы еліміздегі цифрландыру саласы 12 пайызға өсті. Отандық цифрлық өнімдердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артып келеді. Былтыр IT өнімдері мен қызметтер экспорты 5 есе ұлғайып, 333 млн долларды құрады. Мақсатымыз – 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 500 млн долларға дейін жеткізу. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмаймыз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз.

Жасанды интеллект, блокчейн, Интернет заттар және Үлкен деректер. Қарапайым адам түсіне бермейтін жаңа терминдер. Олар қазір елдердің бәсекеге қабілеттігіне де әсер ететін болды. Болжам бойынша, алдағы 10 жылда әлемдегі өндірісі пен қызметтердің 70 пайызында цифрлық технологиялар қолданылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Адами капитал шешуші рөл атқаратыны бәрімізге де мәлім. Бірақ цифрлық трансформацияға кедергі келтіретін де осы – адами фактор. Цифрлық үдерістерді басқару үшін цифрлық сауаттылыққа және білімге баса мән беруіміз қажет екенін түсінуге тиіспіз. Түпкі мақсат – цифрлық өсімге бағдарланған креативті қоғам қалыптастыру. Біздің адамдар жаңа идеяларды қабылдауға, жаңаша ойлау мен жаңа нәрсе ойлап табуға бейімделуі керек.

Цифрландыру біз үшін ұлттық маңызы бар мәселеге айналды. Президент осылай деді. Қазақстан Еуразиядағы ең ірі әрі озық цифрлық хабтардың бірі болу кеерк. Мақсат осы. Оның үстіне, таяуда әлемдегі 62 ел қазақ елін Біріккен Ұлттар Ұйымының цифрлық шешімдер орталығын құру туралы бастамасын бірауыздан қолдады.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу