«Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбыры іске қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбыры іске қосылады

08.06.2023

Маңғыстауда «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының екінші тармағын салу жоспарға сай жүріп жатыр. Жоба осыдан 4 ай бұрын басталды. Қазір құрылыстың 30 пайызы орындалған. Ал «Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау» газ құбыры 3 тармағының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Екі жоба да мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асуда. Осыған орай «Qazaqgaz» ұлттық компаниясының басшылығы аймаққа арнайы барып, құрылыс жұмыстарын тексерді.

«Бейнеу-Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының екінші тармағының ұзындығы 308 шақырымды құрайды. Қазір соның 109 шақырымы жүргізілді. 500 ден астам жұмысшы екі ауысыммен күн-түн демей жұмыс істеуде. Жобаны биыл желтоқсан айында іске қосу жоспарланған.

 Мейірбек Ихсанов,  «Qazaqgaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Қазіргі құбырдан газ өтіп жатыр. Ол 40 жылдан бері пайдаланылып келе жатыр. Тұрақты газбен қамтамасыз ету үшін екінші құбыр керек болады. Қазіргі магистральды газ құбыры 3,1 млрд өткізуге шамасы бар. Жаңадан салынып жатқанға  5,8 млрд қосымша болады.

Былтыр өңірде 2,8 млрд текше метр көгілдір отын тұтынылған. Бұл, республика бойынша газ тұтыну көлемінің 19%-ын құрады. Аймақта ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Сондықтан сұраныс 6,9 млрд текше метрге жетті.

 Роман Пелевин, жоба жетекшісі: 

Дәнекерлеуді аяқтаған соң оқшаулау жұмыстарын бастаймыз. Бұл бағытта 61 шақырымды еңсердік. Содан соң құбыр ор ішіне салынады. Жобаны жоспарланған уақыттан бұрын орындауға барынша тырысып жатырмыз.

 Ал «Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау» магистральдық газ құбырының 3 тармағын күрделі жөндеу» жұмыстары 93% ға орындалды. Мердігер компания құрылыс жұмыстарын күзге дейін аяқтауды көздейді. Аталған жобалар аймақты тұрақты газбен қамтамасыз етіп, шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етпек.

Аягөз Оралбай


Хабарламаларға жазылу