Қазақстандықтар қайда демалады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар қайда демалады?

07.06.2023

Жойқын жер сілкінісіне қарамастан бауырлас елге саяхаттауға баратын қазақстандықтардың саны азаймай отыр. Сондай-ақ Араб Әмірлігі, Мысыр, Тайландта демалатындар да баршылық. Осы жазда ішкі туризмнің саудасы да қыз-қыз қайнайтын түрі бар. Бір өкініштісі Алакөлге апаратын жолдың құрылысы аяқталмады. «Ақшаңызға қарай, қалаған демалысыңызды ұйымдастырамыз» дейтін туристік компаниялар үшін ең табысты маусым басталып кетті. Биыл жазда қазақстандықтардың басым бөлігі өз елімізде демалады. Саяхаттау динамикасы былтырғыдай болады деп топшылап отыр сала мамандары. Мәселен, өткен жылы 8 жарым миллионға жуық қазақстандық отандық туризмнің қызметін алуды құп көріпті. Ал шетелге саяхаттағандардың саны 4 миллион 670 мыңға жеткен. Туристердің таңдауы көбіне Түркия, Тайланд, Біріккен Араб Әмірлігі, Мысыр, Грузияға түскен. Мамандардың сөзінше, орта есеппен бір адамға шетелдік бір апталық демалыс құны мың еуроны, яғни, 480 мың теңгені құрауы мүмкін. Ал Түркиядағы баға әзірге құбылып тұр.

Рашида Шайкенова, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры:

Түркияға сапардың бағасы аз-кем қымбаттағанына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Ондағы серіктестер қазір төлемді еуромен жасауды сұрайды. Оған қоса лираның қымбаттағаны тағы бар. Бірақ бұдан бөлек теңге де құнсызданды ғой.

Ал еліміздің таңдай қақтырар жерлерін аралағысы-ақ келетін қазақстандықтар жол нашар, бағасы да ұшып тұр дейді. Қытайда туып-өсіп, атажұртына осымен екінші рет саяхаттап келген Нұржәмилә апаның да пікірі осыған саяды.

Нұржәмилә Шаймарданқызы, Қытайдан келген турист:

Ол жақта біраз арзандау ғой, мұнда тамақтары да күшті, сапалы. Ана жақта қоспа көп қой.

Ал туристік компания жетекшілері ішкі туризмді қадағалайтын ортақ ұйым жетпей тұр дейді.

Раушан Шәміл, туристік компанияның директоры:

Туризм деген 32 саладан тұрады деп өзіміз айтамыз. Мысалы, Ұлттық паркке баратын болсақ, ол Туризм министрлігіне емес, Орман шаруашылығына қарайды, тамақ орындары қоғамдық тамақтануға қарайды, көліктеріміз көлік коммуникациясына қарайды. Соларды қадағалайтын бір ұйым жоқ, бәрін қосып қарайтын. Сол болса мүмкін болар еді.

Ал инфрақұрылымына қарамастан жыл сайын көптің таңдауы түсетін Алакөлге апаратын жол биыл да толық аяқталмайын деп тұр. Биыл тұзды суға жетудің тағы бір жолы – алдымен ұшақпен Үржарға, әрі қарай көлікпен демалыс орнына жету.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу