Былтыр Қостанай облысына 304 қандас пен 808 қоныс аударушы келген. Олардың көш шығыны толық мемлекеттің мойнында. Мұның сыртында отбасының әр мүшесіне 15-тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін демеу қаржы берілген. Бұдан бөлек баспана сатып алуға да қаржы бөлінеді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын тапты. Облыс бойынша 1053 адамға квота бөлініп отыр. Көшіп келген отбасы сол қоныстанған жерінде 5 жыл тұруға міндетті. Бұл келісім бұзылса, берілген көмектің бәрі мемлекетке кері қайтарылады. Қоныс аударушылар қатарында дәрігер, мұғалім, кенші тәрізді өңірге қажетті мамандық иелері бар. Атажұртқа оралған қандастардың бір парасы Рудный қаласына орналасқан.
Гүлдана Жақмұратова, қандас:
Үлкен мүмкіндіктер беріліп жатыр. №14 мектепке информатика пәні мұғалімі болып орналастым. Сосын қандастар статусы арқылы отбасымның әр мүшесіне 241 мың 500 теңге берілді.
Ақылбек Демеев, қандас:
Қатты қиыншылық көрген жоқпыз. Негізі қысы қатты болады дегенге қорыққанбыз. Металилемдеу зауытында оператор қызметін атқарамын.
Дәуренбек Әбдібек