Түркістанда жетісайлық мақташылар арзан тыңайтқышты ала алмай отыр. Өнімді Сарыағаштан тасымалдайтын операторлар өзіндік құнын тым асырып, қымбаттатып жіберген. Ал шаруаға азын аулақ селитраны алыстан тасымалдаған тиімсіз. Тыңайтқыштың төңірегіндегі дау қалай шешіледі?
Жетісайлық шаруалар соңғы бірнеше айда селитраның соңында әбден сергелдеңге түсті. Жыл басынан бері тыңайтқыш алу үшін тіркелетін арнайы портал кеш қосылса, енді арадағы делдалдар бағаны аспандатып жіберген.
Базаралы Смайылов, шаруа:
118-ден баға бекітілген. Бірақ соны тасып, арада делдалдық қылып жеткізіп берушілер 118-ді місе қылмай, 125-пен 130-дың арасында шаруаларға алып келіп беріп жатыр. Оны бермесек өнім ала алмаймыз. Арендамыз бар, техникаға істететін қаржымыз бар. Банкрот болады шаруа, не болады.
Жәнібек Аймышев, шаруа қожалығының төрағасы:
Суымызды алатын кезде СПК-лар тұр. Ортадан қандай баға екенін шеше алмай жатырмыз. Өкіметтің беріп жатқан жеңілдетілген селитрасын алатын кезде тағы делдалдар тұр. Ортадағы бағаны және бір бағаға қоя алмай жатырмыз. Енді бұл айналайын алыпсатарлардан қашан құтыламыз?
Нарықта тыңайтқыштың бағасы шарықтап кеткен соң шаруалар жеңілдетілген бағамен алғысы келеді. Бірақ агропорталға құжат тіркеу нағыз қиямет болды дейді жұрт.
Сәкен Ақылтаев, шаруа:
10 гектарға он адамның пай үлесі болса, он адамның ключін апарып өткізбесең, жеріңе селитраны ала алмайсың. Біреуі Алматыда, біреуі Астанада. Ананың ключін алып келу керек, мынаның ключін алып келу керек. Сөйтіп қиналып жатырмыз. Одан кейін біз енді наличный 160 теңгеден алып беріп жатырмыз.
Тыңайтқышты Сарыағаштағы тұйықтан тасымалдайтын операторлар болса бағаны көтеруге жол шығыны себеп дегенді алға тартады.
Берік Мыңбаев, кәсіпкер:
Жеткізіп беру көлігі бар ғой бізде. КамАЗ-дар бізде ана жақта диқаншылық басталғаннан кейін жетіспейді. Ценаны көтереді. Бес теңгеге шығып жатыр. 114 теңгені ішінде біздің услугамыз бар. Банковская услуга бір теңге деңіз. Болды арғы жағында үш теңге біздікі.
Тасымалдаушылар өнімді қоймадан алу үшін де күту керек деп отыр. Ал, селитра таратушы мекеме қызметкерлерінің өз уәждері бар. Айтуларынша, агропорталға құжаттар бес ай кеш жүктелген.
Бекжан Исмаилов, менеджер:
Үкіметтің программасы осы май айынан бастап толыққанды жұмыс істеп, біз қазір таратып жатырмыз. Физикалық тұрғыда біз күніне 500-600 тоннадай босатып жатырмыз. Одан артығына біз документ жасап үлгере алмаймыз біртіндеп тексеріп.
Жағдай ушыққан соң аудандық әкімдік пен прокуратура қызметкерлері тыңайтқыш тасымалдаушы кәсіпкерлермен кездесті. Сөйтіп селитраны жеткізіп беруші операторларға өнімді 118 теңгеден сату туралы ұсыныс жасалды. Алайда, бұған кәсіпкерлердің бәрінің бірдей келісе қоюы екіталай.
Айнұр Әбілқасымқызы