«Қазақстан Дауысы. Балалар» жобасына қатысушылардың арасында таланттылар көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан Дауысы. Балалар» жобасына қатысушылардың арасында таланттылар көп

01.06.2023

Ерекше өнерімен еліміздің атын шығарып жүрген балалар да жетерлік. Жас болса да қазірдің өзінде өз жолын тауып үлгерген. Олардың арасында Ұлттық арнада көрсетілетін «Қазақстан дауысы. Балалар» музыкалық жобасының қатысушылары да бар. Ақтөбелік он төрт жастағы Жанерке Әбдірахманова халықаралық байқауларда да топ жарып жүр. «Балалар Евровидениесінің» жартылай финалисі, бірнеше рет «Славян базары» байқауына қатысып финалына дейін жеткен. «Шоу мир» және «GOLDEN PALM» халықаралық байқауының жеңімпазы. Жанерке Ұлттық арнадағы «Қазақстан дауысы. Балалар» мегажобасындағы көрсеткен өнері тек тәлімгерлерді ғана емес, көрермендерді де таңқалдырған.

Жанерке Әбдірахманова, «Қазақстан Дауысы. Балалар» жобасының қатысушысы:

Болашақта әншілермен ән жазу. Осы «Forever» әнінің авторы Хамит ағамен авторлық өлең жазғым келеді. Мархаба Сәбимен, Бейбіт Оралұлымен ән жазып бастап жатырмыз. Арманым әнші болу, әлемді бағындырып жетістіктерге жету. Димаш Құдайберген ағам сияқты әлемді бағындырғым келеді.

«Қазақстан дауысы. Балалар» музыкалық жобасында бағы жанғандардың бірі – алматылық Нұрбек Серікболұлы. Жас талант бірінші кезеңнен сүрінбей өтті. 5 жасынан бастап ән шырқайтын Нұрбек түрлі республикалық, халықаралық байқауларға қатысқан. Өзінің ерекше табиғи даусымен таңғалдырып, Грузия, Түркияда өткен додалардан жүлделі оралған. «Мен әнді жүрекпен сезініп, жүрекпен орындаймын. Сол үшін тыңдарманның жүрегін жаулаймын», - дейді жас өнерпаз.

Нұрбек Серікболұлы, «Қазақстан Дауысы. Балалар» жобасының қатысушысы:

Болашақта өзімнің авторлық әнімді шығарсам ба деген ойым бар. Бірінші ұлттық Қазақстан даусын жеңіп шығу. Егерде мен Қазақстан дауысын ақшалай сыйлығын ұтып алсам мен бірінші үй ішіме, өз ата-анама көмектесемін, екінішсі студиядағы өз авторлық әндерімді жазамын.

Қазақстанның талантты балаларын қолдау әрқашан маңызды. Бұл ретте Ұлттық арнада «Қазақстан дауысы. Балалар» жобасын осымен екінші мәрте ұйымдастырып отыр.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу