Абыралыда адам саны азайып барады. Абай облысындағы аудан әкімшілік-аумақтық орналасауы жағынан орталықтан тым шалғайда жатыр. Салдарынан халық саны да кеміп кеткен. Бірақ мал шаруашылығы дамыған, қазба байлығы мол өлкенің экономикасын бұрынғы Абыралы ауданын қалпына келтіру арқылы қайта өркендетуге болады дейді жергілікті жұрт. Мәселе қалай шешілмек? Ержан Жақып тарқатады.
Ержан Жақып, тілші:
40 жыл атом сынақтарының зардабын шеккен Абыралы ауданы тарихында екі рет құрылып, екі рет таратылған. Ширек ғасырдан бері бұрынғы аудан құрамында болған елді мекендер қазір Семей қаласынан 300-350 шақырым қашықта болса да, «қала маңындағы ауылдар» санатында. Сондықтан, әлеуметтік мәселесі шаш етектен өңір тұрғындары Абыралы ауданын қайтадан құруды талап етіп отыр.
Бұрынғы аудан құрамында болған ауылдарға жол шалғай. Қатыныс қиын болған соң халқы қалаға көшіп, жабылып тынған елді мекендер де бар. Бұлай жалғаса берсе, өзге ауылдар да сондай кейіпке түсуі әбден мүмкін. Өңірде халықты тұрақтандыру үшін әкімшілік орталық та халыққа қолайлы болғаны жөн дейді тұрғындар.
Құдайберген Тұрысбеков, Қайнар ауылының тұрғыны:
Халқы саны-деген бір ұғым жасап алды біздің жоғарғы жақтағы адамдар ма? Халық саны деген, ол аудан құрылса, халық болады ғой. Ауданның орталығы болған Қайнар ауылында бұрынғы мекемелердің бәрі тұр. Полицияң тұр, мектеп тұр. Прокуратура тұр. ДЭУ тұр. Дұрыс көзқарас қараса ашылады. Ашу керек.
Мырзағали Молдағалиұлы, Қайнар ауылының тұрғыны:
Ауылға жастарымыз ақырындап-ақырындап келіп жатыр. Компаниялар көп. Жер қазып жатқан, кен өндіріп жатқан. Мал өсіруге жайлымды жерлер жетіп тұр. Қазір малдың басы да өсіп келе жатыр.
Абыралы ауданын қайта құру керектігін айтып, өңір тұрғындары тиісті органдарға талай рет өтініш-тілектерін жеткізген. Нәтижесінде экономика министрлігі мен облыс басшыларынан тұратын арнайы топ Қайнар ауылына келіп, жұртшылықпен кездесті. Мамандар әзірге ауданды қайта құру бойынша есептеулер жүргізіп жатқанын жеткізді.
Нұрлан Мақсұтов, ҚР ҰЭМ өңірлік даму департаменті директорының орынбасары:
Ұсыныстардың барлығын тыңдап, содан әрі қарай зерделеу жұмыстары жүргізілетін болады. Содан кейін бір шешім қабылданады. Халықтың санынан да қарау керек. Әр ауылдың өзінің даму әлеуеті де болуы керек. Соны да зерделеп қараймыз.
Бұрынғы Абыралы ауданның аумағында қазір 6 ауыл қалды. 4 мыңнан астам халық тұрады. Бірақ өңірде қымбат металл өніретін 4-5 кен орны жұмыс істеп тұр. Еліміздегі ең ірі «Қаражыра» көмір кеніші де осында. Кәсіпорындардың салығын ауданды дамытуға бағыттап, жұмыс орындарын ашса, тұрғындар саны да күрт өспек. Жылдар бойы жарылыстың зардабын тартқан абыралылықтар, осылайша ауданды қайта жаңғыртып, орталығын Қайнар ауылы етіп құру әлеумет үшін әділетті шешім болады деп отыр.
Ержан Жақып