Ұлт пен ұлысқа пана болған қазақ даласы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлт пен ұлысқа пана болған қазақ даласы

29.05.2023

ХХ ғасырдың басында кеңестік тоталитарлық жүйе талай ұлтты сарсаңға салып, қасірет шектірді. Аумалы-төкпелі заманда мыңдаған адам жазықсыз түрмеге тоғытылды, аяусыз атылды. Репрессия жылдары Қазақстанға 1,5 млн-нан астам өзге ұлт өкілі күштеп жер аударылды. Олардың ішінде 30 мыңға жуық әзербайжан болды. Тарихшылар бұл деректер одан да көп болуы мүмкін дейді.

Закария Нахметов Қазақстанда туған. Зұлмат жылдардың қасіреті туралы естігені де, оқығаны да көп. Атасы Әмір Юсуфоглы 1937 жылы отбасымен Әзербайжаннан күштеп жер аударылған. Шиеттей үш баламен еліміздің оңтүстік өңірін паналап, мал баққан. Тағдыр тәлкегіне моймай, қасіретті аз шекпеген қазақтармен етене араласты. Закария мұның бәрін әкемнен естідім дейді. Әмір ақсақалдың немересі қазір аудармашы. «Хазар» әзербайжан этномәдени орталығында еңбек етеді.

Закария Нахметов, қала тұрғыны:

Қазақстан халқы жақсылап көмектескен бізге. Біз өзіміз де әзербажан болсақ та, біз өзіміз де қазақ боламыз. Қазақстанда туған үшін қазақ боламыз біз де.

Тарихшылар әзербайжандардың Қазақстанға күштеп жер аударылуы 3 кезеңді қамтиды дейді. 1929 жылы ауқатты деген 600 отбасы Арал өңіріне қоныстанған. Ашаршылық кесірнен олардың тек 200-і аман қалып, қазақ даласын паналайды. Уақыт өте көбі оңтүстік өңірге, қалғаны Қырғызстанға көшкен. Әзербайжандардың Қазақстанға жер аударылуының екінші кезеңі 1932-жылдан басталады.

Ерлан Сайлаубай, «Ел тарихы» ҒЗО директоры, тарих ғылымдарының кандидаты:

Үшінші кезең – бұл 1937 жылғы «қызыл қырғын», саяси-қырғын сүргін саясатының әбден күшейген кезеңі болатын. Осы жерден олар қазақтың бауырмалдылығын көрді. Қазақтың мейірбандылығын көрді. Отыз мыңның ар жақ бер жағында әзербайжан келген бе деп шамалаймыз біз.

Отызыншы жылдардың соңында Кавказ өңірінен де әзербайжандар күштеп көшірілді. Жалпы жер аударылғандар туралы нақты деректер жоқ. Себебі, тасымалдау барысында көбі қайтыс болып, ол кезде сандар жасырылып отырған, - дейді тарихшылар. Қазір Қазақстанда 200 мыңнан астам әзербайжан тұрады. Олар түрлі салада еңбек етіп, елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосуда.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу