АҚШ миграциялық дағдарысқа тап болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ миграциялық дағдарысқа тап болды

29.05.2023

АҚШ миграциялық дағдарысқа тап болды. Ақ үй осыдан 5 күн бұрын шекараны заңсыз кесіп өткендерді бірден депортация жасауға мүмкіндік беретін ереже қабылдаған. Бірақ жаңа тәртіп күшіне енбей тұрып, он мыңдаған мигрант елге кіріп үлгерді. Штаттардың көбі нөпір халықты қайда орналастырарын білмей бастары қатып жатыр. Тіпті Нью-Иорк мэрі мигранттар үшін мектептердің спорт залдарын босатып бермек.  

Республикашыл штаттар Байденнің жұмсақ миграциялық саясатына қарсылық ретінде мигранттарды демократтар басқаратын өңірлерге лек-легімен тоқтаусыз жіберіп жатыр. Салдарынан кебір өңір оларды сыйдыра алмай әлек. Мәселен, Нью-Иорк шаһардағы 900 орындық тарихи қонақ үйді босқындарды қабылдайтын орталыққа айналдырды. Бірақ мұның өзі мәселені шешпесі анық. Қала мэрі ата-аналардың қарсылығына қарамастан мигранттарды мектептердің спорт залдарына орналастырмақ. Ал жергілікті халықтың бір бөлігі келімсектердің көбейіп кеткеніне және қомақты қаржының оларға жұмсалып жатқанына наразы.

Пол Беркман, Нью-Йорк тұрғыны:

Біз мигранттардың көмекке мұқтаж екенін білеміз. Алайда, дәл солай көмекке зәру американдық кедей отбасылар да аз емес. Одан бөлек, ондаған жылдар ақсап тұрған білім беру жүйесі бар. Американдық балаларды кім олайды? Шетқақпай көріп жатқан ардагерлер тағы бар. Менің ойымша, нақты бір шешім болуы керек.

Американың үшінші ірі қаласы саналатын Чикаго да Мексикамен арадағы шекарасынан жеткен мигранттарды игере алмай жатыр. Босқындардың бір бөлігі тіпті орын жоқ болғандықтан полоция бөлімшелерінде түнеуге мәжбүр. Олардың барлығын қонақ үйлерге орналастыруға шамамыз жетпейді деген қала мэрі Ақ үйден федералдық деңгейде қаржы бөлуді сұрады. Ал АҚШқа басын қатерге тігіп, тар жол тайғақ кешіп жеткен босқындар елдеріне мүлдем қайтқысы жоқ.

Томаш Орозко, венесуэлалық мигрант:

Бізге осында жету үшін бір жарым ай кетті. Азапты жол болды. Көбіне жаяу жүрдік. Арасында пойызға жармастық. Аштықты да суықты да көрдік. Ең қауіптісі джунглиді кесіп өту болды.

Ал миграциялық тәртіпті қатаңдақтан жаңа ереже күшіне енгелі шекараны заңсыз кесіп өту екі есе азайғанымен тоқтаған жоқ. Бүгін көші қон полициясы алғаш рет жүзден аса гватемала тұрғынын депортация жасады. Енді олар 5 жыл бойы АҚШқа кіре аламайды. Шекараны заңсыз кессе жазаға тартылмақ.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу