Атыраулықтар лай су ішуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулықтар лай су ішуге мәжбүр

26.05.2023

Атыраудағы ауыз су құбырлары тозып барады. Соның салдарынан қаланың қақ ортасында орналасқан бүтін бір шағын ауданның тұрғындары сарғайған лай су ішуге мәжбүр. Жөндеу көрмеген желілер жиі тесіліп, жұртты әбігерге салады. Ал, оны жөндеуге басшылар әзірге құлықсыз. Шалқар Маратованың 5 перзентімен бірге лай су ішуден басқа амалы жоқ. Үш айдан бері көрген күні осы. Шарасыз ана балаларының денсаулығына алаңдайды.

Шалқар Маратова, Атырау қаласының тұрғыны:

Мынаны қалай ішесіз, 5 балам бар мысалы. Тамақ дайындауым керек. Күнделікті менің жуатын кірім бар. Оларды душқа түсіруім бар. Мынаған бостан босқа біз ақша төлеп отырмыз.

Тұрғындарды әбігерге салған ыстық су құбыры соңғы рет 7 жыл бұрын жөнделген. Үйлерге кезінде ескі желі тартылған. Соның кесірінен жиі ақау шығады.Әрі санитарлық талап та ақсап жатыр. Лай судың машақатын тартқан қалалықтар сан мәрте әкімдікке шағымданған. Бірақ жергілікті билікте қозғалыс жоқ.

Гүлзада Назарқызы, Атырау қаласының тұрғыны:

Екі сағат осылай сап-сары суды ағызып тұрамыз. Суымыз ағармайды.

Надежда Бекбаева, Атырау қаласының тұрғыны:

Барлық жерге шықтық. Онымен ешқандай нәтиже болған жоқ. Күні кеше жиналыс болды ойбай біз жасаймыз деп жасаған жоқ.

Құбырға қызмет көрсететін мекеме темір құбырларды бастан-аяқ пластикке ауыстыру керегін айтады.

Жұмахмет Елемесов, «Атырау жылу жүйелері» АҚ вице-президенті:

Біз идея бердік. Жауып тастап, бір ай ма, қанша уақыт екенін айта алмаймын. ПИК-тің қандай жағдайы бар. Мына жерді ауыстырмай проблема шешілмейді.

Әкімдік көпқабатты үйлерде проблеманың барын жасырмайды. Ескірген желілерді жаңарту үшін бюджеттен қаржы қаралып жатқанын әрі ауыз су құбырлары толықтай жаңаратынын ескертті. Жалпы қаладағы 138 шақырымнан аса құбырдың 30 шақырымы тозған.

Темірлан Әубәкіров, қалалық ТҮКШ секторының меңгерушісі:

Біздер пластикалық құбырға ауыстыруды бағамы есептеліп жатыр. Ақау ыстық су құбырларындағы құбырлардың тозығынан шығып отыр.

Таза судан таршылық көрген тұрғындар лай судың азабын әлі де тартатын сыңайлы. Өйткені, билік мәселе кемі бір айсыз шешілмейді деп отыр.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу