Орынбордағы қазақтар «Салтанат» би ансамблін құрды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орынбордағы қазақтар «Салтанат» би ансамблін құрды

26.05.2023

Орынборда жергілікті қазақтар «Салтанат» би ансамблін құрды. Басты мақсат - ұлттық өнерді ұлықтау, жастардың арасында насихаттау. Алғашында бірнеше адамнан құрылған топта қазір 50-ге жуық адам өнер көрсетеді.

«Ұлттық биді дәріптеу-парызымыз» дейді би ансамблінің негізін қалаушы Гүлшат Маратқызы. Осыдан бірнеше жыл бұрын тек Орынборда өнер көрсеткен қандастарымыз қазір Ресейдің барлық аймағын аралап жүр. Өйткені қазақтың өнеріне тамсанып, ташалағысы келетіндер көп.

Гүлшат Маратқызы, «Салтанат» би тобының жетекшісі:

Алғашында «Қара жорға» биінен бастадық. Қазір өз қаражатымызға киім алып, түрлі ұлттық биді үйрендік. Тіпті, ірі байқауларда бірнеше рет жеңімпаз атандық. Жастар тұрмақ, зейнет жасындағылар да белсенділік танытып жатыр.

 «Салтанат» би тобына кіретін Әжелер ансамблінің құрамында әр ұлттың өкілдері бар. Тіпті жергілікті орыс театрларында да қазақ билері сахналанып, көзі қарақты көрерменді қуантып келеді.

Әйгерім Нұрланқызы, Орынбор қаласының тұрғыны:

Ақылы емес, тегін түрде барлығын үйретуге тырысып жатырмыз. Кімнің қолынан келеді, қандай өнері бар, қазақ балаларының өнерін жаппай, осылай ашып, әрі қарай дамытудамыз.

Орынборда жергілікті тұрғындар қазақ театрын ашпақ ниетте. Өйткені өңірдегі 35 ауданданда қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетіне жұрттың қызығушылығы жоғары.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу