Президент Жоғары Еуразиялық Экономикалық кеңестің отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Жоғары Еуразиялық Экономикалық кеңестің отырысына қатысты

25.05.2023
Президент Жоғары Еуразиялық Экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Еуразия экономикалық одағы Еуропа мен Азияны байланыстырушы көпір бола алады. Үлкен Кремль сарайында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары Үлкен Кремль сарайында жиналды. Қазақстан, Қырғызстан, Беларусия президенттері мен Армения премьер-министрін Ресей басшысы әрі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің биылғы төрағасы Владимир Путин күтіп алды. Шағын форматтағы отырысқа еуразиялық «бестік» басшыларымен қатар, Еуразия экономикалық комиссия алқасының төрағасы қатысты. Жиында мемлекеттер басшылары Одақтың қызметі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасты. Ал кеңейтілген құрамдағы отырыста энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі, цифрлық трансформацияны жеделдету, көлік инфрақұрылымын дамыту және әкімшілік кедергілерді жою мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Одаққа мүше мемлекеттер макроэкономикалық тұрақтылығын сақтап, экономикалық өсім қарқыны мен өзара сауда көлемін арттыруда. Мен өз тарапымнан Одақ құрылғаннан бері Қазақстанның одаққа мүше өзге елдермен арадағы тауар айналымы 74 пайызға ұлғайғанын атап өткім келеді. Осы орайда экспорт 98 пайызға өсті. Бұл жақсы көрсеткіш деп санаймыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Одақ Еуропа ммен Азияны, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстырушы көпір бола алатынын айтты. Бұл орайда, «Челябинск-Болашақ-Иран» теміржол магистралінде жүрдек жүк пойыздарын жүргізуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл үшін Челябинскіде жүк жинақтайтын орталық аша отырып, «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің қолданыстағы инфрақұрылымын пайдалануға болады. Біз өзіміздің Бейнеу – Маңғыстау темір жол желісіндегі және Бейнеу – Шалқар автомобиль жолындағы талапқа сай келмейтін учаскелерді қайта салуға әзірміз.

Данияр Қайыртай, тілші:

Мемлекет басшысы жүк тасымалы ағынын қалыптастыруға күш жұмылдырудың маңыздылығына да тоқталды. Бұл бағыттағы ынтымақтастықтың наөты мысалы ретінде Бақты – Аягөз темір жолының құрылысын атады. Оның іске қосылуы Қазақстанның да, Ресейдің де Қытай бағытына жөнелтетін жүк көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді деді Қ.Тоқаев.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу